Атырау облысына жаңа әкім тағайындалды
Жаңадан әкім болып тағайындалған Махамбет Досмұхамбетов бұған дейін энергетика бірінші вице-министрі қызметін атқарды
Махамбет Досмұхамбетов 1960 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысында дүниеге келген. 1983 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геология және мұнай -газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша бітірген, 2016 жылы - Қазақ мемлекеттік заң университеті, іскери әкімшілік ету магистрі болған.
Еңбек жолын 1983 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған.
Түрлі жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да бас геолог, геология және геофизика бойынша бас директордың орынбасары, геология және өңдеу бойынша бас директордың орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары - басқарма мүшесі болған.
Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы жылдары «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы), «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ геология бойынша басқарушы директоры - бас геолог, ірі жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары және ірі операциялық емес активтер және теңіз жобалары бойынша бас вице-президенті лауазымдарын атқарған.
2016 жылдың қарашасынан бастап ҚР Энергетика бірінші вице-министрі қызметінде болды.