«ҚР СІМ қазаға көңіл де айтқан жоқ» – Каирде қаза тапқан дипломаттың туысы
Еламан Жолдасовтың туыстарының айтуынша, оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес
Қазақстанның Египеттегі елшілігінде жұмыс істеп, бірнеше күн бұрын жұмбақ жағдайда қаза тапқан Еламан Жолдасовтың туысы Сыртқы істер министрлігіне ренішін білдірді. Назипа Өсербаеваның айтуынша, елшіліктерге жауапты ведомстводан бірде-бір өкіл келіп көңіл айтпаған.
Оның сөзінше, Еламан Жолдасов шетелде жүріп ешқандай бизнеспен айналыспаған. Марқұмның суицид жасауы да ешбір сау ақылға сыймайды дейді ол. Ғұмырын кәсіпке емес ғылымға арнаған дипломат 7 тілде еркін сөйлеген. Ана тілінен бөлек түрік, ағылшын, араб, парсы, пушту, орыс тілдерін де жетік меңгерген.
«Еламан ешқандай компанияда жұмыс істемеген. Алматыда жеке басына тиесілі бір бөлмелі пәтері бар. Жеке автокөлігі бар. Оның меншігінде басқа ештеңе жоқ. Мемлекеттік құзырлы органдардан, Сыртқы істер министрлігінен ешкім бізге хабарласып, қазаға көңіл айтпады. 75 жастағы анасы төсек тартып жатыр. Анасына күн сайын хабарласатын. Елін, анасын жақсы көретін», - дейді Назипа Өсербаева.
Оның айтуынша, Еламанның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес.
«Ол біреумен төбелеспек түгілі, құмырысқаға да зиянын тигізбейтін. Ол – дінтанушы, аудармашы. Өзіне қастандық жасады деген сөз ойдан шығарылған. Елге қызмет етемін деп кетті шетелге. Сол мақсатпен жылдар бойы сыртта жүр. Осыншама уақыт жұмыс істегенде министрлік оны елемеді де. Тіпті, өзін өлтірген деп айтып отыр», - дейді марқұмның туысы.
Айта кетейік, Қазақстанның Мысыр еліндегі елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасов Каирде жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері жұмбақ жағдайда көз жұмды
Еламан Жолдасов инвестормен кездесуге барып көз жұмған – дереккөз
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы