Бозымбаев министр қызметінен денсаулығына байланысты кетті - баспасөз хатшысы
Бұрынғы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жақында мойын омыртқасына операция жасатқан еді
Бұрынғы Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың Президент көмекшісі қызметіне тағайындалуына қатысты Энергетика министрлігінің Ақпараттық және стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Нұрлыбек Жеңісбек пікір білдірді. Оның айтуынша, Бозымбаев жаңа қызметке ведомство басшысы қызметінен денсаулығына байланысты кеткен.
«Жақында министр (бұрынғы Энергетика министрі – ред.) мойын омыртқасына жасалған операцияға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабар берді. Дәрігерлердің айтуынша, ол көлікпен және ұшақпен жасайтын сапарларын барынша азайтуы керек. Сондай-ақ ұзақ мерзімді физиотерапиялық ем алу керек.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, министр қызметіндегі тұлға жұмыс сапарымен аймақтарға жиі барады: өнеркәсіп нысандар, станциялар, кен орындары. Шетелдік инвесторлармен және әріптестермен келіссөздерге, оның ішінде әртүрлі халықаралық ұйымдардың (OPEC, МАгАтЭ және т.б.) шараларына қатысады», - дейді Нұрлыбек Жеңісбек Telegram каналында.