ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

«Айтылған сөз – атылған оқ»: Бауыржан Байбек Жанболат Мамайға қарсы өзінің азаматтық талап арызы туралы айтты

Процесс Алматыдағы Әуезов аудандық №2 сотында өтіп жатыр

Фото ашық дереккөзден

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаевамен бірге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Музейі ғимаратының жанындағы жаңартылған саябақ аймағына барды.

Мұнда балаларға арналған жаңа заманауи ойын алаңдары, сахна алаңы, «Workout» аймағы, стритболға арналған 3 алаң орналасқан. Олардың орнатылуын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қамтамасыз етті.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген билеуші партия Төрағасының бірінші орынбасары елордада мұндай нысандардың көбейіп келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

«Елімізде тұрақтылық пен келісім, табыс болса, осындай игі істер де көбейеді. Астана күні мен Балаларды қорғау күні қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасымен балаларға арналған осындай тамаша алаңдар салынды. Бұл – тек елордалықтар үшін ғана емес, астанамызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетіндердің барлығына жасалған сыйлық», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Бауыржан Байбек «Азаттық» радиосы журналисінің Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваға қарсы азаматтық талап арыз беру туралы сұрағына түсініктеме берді.

«Барлығы сотта шешілуі керек. Дебат артық деп ойлаймын. Қазақта «Айтылған сөз – атылған оқ» деген жақсы сөз бар. 40 күннен астам уақыт өтті, ол бір де бір құжат бойынша дәлел ұсынған жоқ. Жалпы әңгіме. Сондықтан сот барлығын таза, әділ, ашық шешеді деп ойлаймын. Интервью беріп, барлығын құжаттармен нақты айттым. Заңгерім сот арқылы менің құқығымды қорғайды», - деді Бауыржан Байбек.