$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.05.2021, 14:41
Саясат

Путин мен Байденнің кездесуі: Беларусь мемлекетін қандай санкция күтіп тұр

Сарапшылар Беларусь елін не күтіп тұрғаны жайлы пікір білдірді

Путин мен Байденнің кездесуі: Беларусь мемлекетін қандай санкция күтіп тұр
фотода: Меруерт Махмұтова, Жарас Ахметов

Беларусьтегі президент сайлауынан кейін елдегі саяси жағдайдың ушығуына түрткі болды деген айыппен қуғындалған Nexta Telegram-каналының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич қамауға алынғаны белгілі. Жақында Беларусь арнайы қызметі билікке қарсы жұмыс істеген журналисті қолға түсірді. Батыс мемлекеттері Беларусь билігін саяси көзқарасына бола журналисті қудалап қана қоймай, айламен тұтқындағанын айыптап жатыр. Роман Протасевичтің өзі де ұсталған кезде Александр Лукашенко жендеттерінен қауіптенетінін БАҚ өкілдері жарыса жазды.

Айта кетейік, 23 мамырда Грекиядан Литваға бағыт алған Ryanair әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы кенет бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болған. Тіпті Беларусь қорғаныс министрлігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, «ұшақ бортында жарылғыш зат болуы мүмкін» деп, әуе кемесін Минск әуежайына бұрған. Ары қарайғы жағдай белгілі. Жергілікті биліктің бұл қадамға NEXTA Live Telegram-арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындау үшін барғаны айтылды. Шетелдік БАҚ-тарда әуе кемесін тоқтатуға Беларусь президенті Александр Лукашенконың бұйрық бергенін жазып жатыр.

ЛУКАШЕНКО БҮГІН МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАЙДЫ

Осы мәселеге байланысты бүгін Александр Лукашенконың өзі түсінік береді деп хабарланды. Беларусь президенті журналист Роман Протасевич пен оның құрбысы ресейлік Софья Сапегиді не үшін тұтқындағанын кеше түсіндіруге тиіс еді. Алайда бұл мәлімдеме бір тәулікке шегерілген. BBC қызметінің хабарлауынша, Лукашенко бүгін жасайтын мәлімдемесінің форматын өзгерткен. Ол соңғы жағдайға байланысты Беларусь парламентінің қос палатасы мен конституциялық кеңесі алдында сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Жиынға жергілікті БАҚ өкілдері мен блогерлер қатыспақ.

Сондай-ақ қоғамда АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владмир Путиннің алдағы кездесуі туралы қызу талқылау жүргізіп жатыр. Батыс журналистері «Байден Ресейге бағытталған санкцииялардан бас тартып, 15 маусымда Женевада өтетін кездесуге шындап кірісіп жатыр» деп тақырып қойды. Ақ үй басшысының «Северный поток-2» жобасына жаңадан санкция салу бастамасына да жылы қабақ танытып, Вашингтон құбыр желісінің құрsлысына кедергі келтірмейтінін мәлімдеген.

РФ президентінің әкімшілігі Швейцарияда өтетін екіжақты кездесуге қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де тәуелсіз сарапшылар, оның ішінде АҚШ сенаторлары Кремль қожайыны бұл кездесуден бас тарпайтыны анық деп есептейді.

«Ол бұл кездесуге мерекелік тортпен келуі керек қой. Себебі Байден «Северный поток-2» жобасына салынатын санкциялардан бас тартып, Путиннің миллиардтаған табыстан айырылмайтынына кепілдік беріп отыр емес пе?», - деді сенатор, республикалық партия өкілі Тед Круз.  

Ryanair әуе рейсін мәжбүрлі түрде Минскі әуежайына қондыруға атсалысқан Александр Лукашенкоға Батыс алпауыттары экономикалық санкция саламыз деп мәлімдеме жасап жатыр.   Еуропалық Одақтың жетекші елдері Белорусь ұлттық әуе компаниялары үшін Еуропа әуежайларына апарар жолын жапты. Сондай-ақ өз ұшақтарының да Лукашенко басқарып отырған елдің әуе кеңістігіне кіруіне тыйым салды.

Сарапшылар Беларусь төңірегінде қалыптасып отырған жағдайды Байден мен Путин екіжақты кездесуде талқылайтынын, бұл оқиға Беларусьті Ресейдің «қолтығына кіруге» тағы да бір қадам жақындатты, деп есептейді. Оған қоса, осы аптаның соңында РФ премьер-министрі Михаил Мишустин мен Беларусь үкіметінің жетекшісі Роман Головченко экономикалық келісімдер бойынша кездесу өткізбек. Ал жұма күні Путин мен Лукашенко кездеседі деп жоспарланып отыр.

САРАПШЫЛАР: «БЕЛАРУСЬ РЕСЕЙМЕН БІРГЕ, ДЕМЕК САНКЦИЯ ЗАРДАБЫН ДА БІРГЕ КӨРЕДІ»

Ресей соңғы жылдары санкциялардан көз ашпай келеді. Енді бұл қатарға оның стратегиялық әріптесі Беларусь елі де қосылуы мүмкін.

Azattyq Rýhy тілшісі осы санкциялардың нақты әсері бар, одан кімнің ұтылып, кімнің ұтып жатқаны жайлы бірқатар сауалды қазақстандық сарапшыларға қойып көрген.

Экономист Жарас Ахметов санкцияның кері әсерін пайыздық мөлшермен немесе сандық көрсеткіштермен есептеу қиын екенін айтады. Алайда, сарапшы санкциялардың Ресей экономикасына кері әсер етіп жатқаны айқын деп есептейді.

«Бірншіден, Ресейге қазір заманауи технологиялар қолжетімсіз болып қалды. Себебі Батыс Ресейге жаңа заман технологияларын экспорттауға тыйым салды. Екіншіден, Ресей компаниялары үшін батыстағы қаржылық ресурстарды қолдануға шектеу қойылды. Бұл санкция әлі күшінде. Сол себепті бұл Ресей экономикасына тек кері әсерін тигізіп отыр. Бірақ іштей өздері зардабын көріп отырғаны рас.

Ал, Беларусь экономикасына келетін болсақ, әзірге нақты қандай санкция болатынын ешкім айтпады. Тек «Белавиа» ұшақтарының қозғалысына тыйым салына бастады. Сол сияқты Беларусь әуе кеңістігіне кіруге кедергілер болып жатыр. Демек, ұлттық әуе компания тек Мәскеуге ғана ұшатын болады. Бұл сөзсіз қаржы тұрғысынан қиындықтарға соқтырады. Халықаралық әуе рейстерінен түсетін қаржыдан да қағылады. Мұнда да үлкен қаражат бар. Санкция дегеннің өзі осы емес пе? Дәл қазір оның мөлшерін айту мүмкін емес. Ол біз сияқты сырттан бақылаушы елдерге білінбейді», - дейді Жарас Ахметов.

«ӨЗ ЖОЛЫМЫЗ БАР, БҰЛ БІЗГЕ ҮЛГІ БОЛМАУЫ КЕРЕК»

Экономика саласының маманы Меруерт Махмұтова Ресейге соңғы санкциялардың зардабы қатты тигенін айтқан еді. Сараапшы елдегі білімді азаматтардың сыртқа көшіп жатқанын айтады. Себебі, мемлекетке жаңа технологиялардың, инвестицияның келуі тоқтады. Ұзақ мерзімді бизнес жасап, ел болашағына қызмет ету мүмкін болмай отыр. РФ-ның шикізат көздерінен пайда алуы мен ғарышты игеруі де жаңа технологияларға тәуелді.

«Мәселен, Ресейге салынған соңғы санкциялар жоғары технологияларсатып алу бойынша мүмкіншілігін шектеп жатыр. Олардың мұнай секторы болсын, ғарыш саласы болсын, дамуы сол технологияларға тәуелді. Әрине, бұл қазір білінбейді. Бірақ жылдар өте сезетін болады. Ресейдің ғарыш саласы Маск технологияларымен салыстыруға да келмейді. Демек, жағдай одан сайын күрделене береді. Өзіміз көріп отырғандай, Қазақстан аумағына олардың ракеталары құлап, гептил төгіліп, бүкіл жерді улады. Бұған батыс күлмесе, қол шапалақтамайды.

Былайынша айтқанда, осы санкциялар Ресей технологиясының нашарлап, сапасы төмендеуіне «жығылған үстіне жұдырық» болатыны түсінікті. Әрине бұл көзге көріне қоймайтын құбылыс, бірақ іштей экономикасын жегідей жеп жатқаны рас. Оны Ресей ашық мойындамайды.

Дегредация, яғни дамуы нашарлап, кері кетіп бара жатқанының айғағы. Бұл біз үшін үлгі емес. ЕАЭО аясында өз позициямызды ұтсануымыз керек. Ресей супердержава болғанымен, оның көрсеткіші экономикасы емес, тек ядролық қаруы мен ұлан-ғайыр жері ғана. Мысалы Испанияның экономикалық көрсеткіші РФ-дан төрт есе жоғары, бірақ олар супердержавамыз деп кеудесін қақпайды», - дейді Меруерт Махмұтова.

Сарапшылар Беларусь билігі күннен күнге жау қатарын көбейтіп жатқанын айтты. Қазір Лукашенко режимін қолдайтын Ресейден басқа ешкім қалмады.

«Чеченизация экономикасы» деген ұғым бар. Ол Қадыров тікелей РФ-дан дотация алып, өзін дамытып отыр, дегенді білдіреді. Алдағы уақытта Беларусь елінің де осыған ұрыну қаупі бар. Яғни Ресейге тәуелділік арта түседі. Олар Батыс санкцияларын сезіне ме? Әрине. Мәселен, Ресейдегі  жағдай қиындап барады. Оның бір мысалы - халықтың сыртқа көшуі. Былтыр Германияда шетелдіктер арасында неміс азаматтығын алғандардың дені ресейліктер екені айтылды. Білімді, елге қажетті азаматтар шетелге қашып жатыр. Себебі, бизнес жасауға, елде бір прогресс болатындай бастамалар көтеру мүмкін болмаған соң кетіп жатыр. Оған Путиннің дамушы елдермен текетіресі де себеп. Санкцияның кері әсері деген осы», - дейді белгілі экономист.

фотосурет: Роман Протасевич

ТМД елдері арасында тоқсаныншы жылдардың басынан бері билікте отырған Александр Лукашенко 2020 жылы тамыздағы президент сайлауында жеңіске жетті. Осы хабардан соң елде жаппай наразылық басталды. Ел билігі ереуілге шыққандарға қарсы күш қолданды. Беларусьте былтырдан бері 30 мыңнан астам адам ұсталған. Журналистер мен оппозиция өкілдері қудаланып, NEXTA Telegram-каналы президент сайлауынан кейінгі наразылық акцияларынан хабар таратқан еді.

Былтыр қарашада Беларусь билігі «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздықты қоздырды» деген күдікпен Роман Протасевич пен оның серіктесі Степан Путилаға іздеу жариялап, қылмыстық іс қозғады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары