ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Мемлекет басшысы бірқатар маңызды заңға қол қойды

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды заңға қол қойды. Осыған байланысты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында Мемлекет басшысы қол қойған заңдарға түсіндірме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына;

2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға. 

Төмендегі түзетулер енгізілді:

- Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауын енгізу: «Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жиырма бес жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан төрт жыл мерзімге лауазымға сайлайды».

- Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру: «Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі;
- Сайлауда саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді.

3) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.

Төмендегі түзетулер енгізілді:

-  Кредиттік бюроларда кредит тарихтарын сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту: «Кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісіне қатысты ақпараттың сақталуын ол туралы соңғы ақпарат алынған күннен кейін 5 жыл бойы қамтамасыз етеді».

- Коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады. Сондай-ақ олар борышкерлермен кез келген өзара әрекеттесу процессінің бейне және аудио жазбасын жүргізуге міндеттеледі.

4) «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.

Төмендегі түзетулер енгізілді:

- 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын нақтылау мақсатында әзірленді;

- Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмаларды, сондай-ақ, коронавирус індетіне қарсы күрес шараларын іске асыруға бағытталған.