Тоқаев қазақ халқының қонақжайлығына күмәнданбауға шақырды
Қазақстан Президенті Александр Лукашенконың пікіріне жауап берді
Бүгін видеоконференция форматында өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО құрметті төрағасы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға үндеу жасады.
«Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте сіздерді көргеніме қуаныштымын. Отырыстың видеоконференция жағдайында болғаны өкінішті. Көрмегелі көп болды, сағынған тұстарым бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев алғысөзінде.
Беларусь президенті Александр Лукашенко әріптестерін көргеніне қуанышты екенін айтып, қазан айында Минскіге қонаққа шақырды.
«Көптен көріскен жоқпыз, бір-бірімізді сағындық. Қазақстан бұрын қонақжай еді, қонаққа шақыратын. Қазір неге екені белгісіз жабылып қалды. Вакцина жақсы, халыққа екпе салдыру қарқынды жүріп жатыр деп айтамыз. Ол рас. Бірақ біртүрлі кездесе алмай жүрміз», - деді Александр Лукашенко.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының қонақжайлығына күмәнданбауға шақырды.
«Александр Григорьевич, есте қаларлық сөзіңіз үшін алғыс айтамын. Әріптестеріме айтарым: біздің қонақжайлығымызға күмәнданбаңыздар, кездесуді онлайн өткізу туралы шешімді бәріміз ақылдасып қабылдадық. Біз мемлекет басшыларының денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Індет әлі басылған жоқ, сол себепті сақтанып жүрген абзал», - деді Қ.Тоқаев.
Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.
Сонымен қатар отырысқа Куба президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы бақылаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысты.