«Бұл соғыстың болашағы жоқ»: қазақстандық сарапшылар Палестина-Израиль текетіресі жайында

Израиль мен Газа секторы шекараларындағы жағдай 10 мамырда ушыға түсті

«Бұл соғыстың болашағы жоқ»: қазақстандық сарапшылар Палестина-Израиль текетіресі жайында

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әлемдік қауымдастықты Палестина мәселесіне назар аударуға шақырды. Айтуынша, Халықаралық қауымдастық Израильге сабақ болатындай қадамдарға бармай отыр. Тиісінше, Палестинаға жасалған шабуылдарға салқынқанды қарап отыр, дейді Түркия президенті. Бұл туралы Анадолы басылымында жазылды.

Әлем елдерінің ішінде Израиль-Палсетина қақтығысына алғаш болып үн қатқан Түрік елінің басшысы ирандық әріптесі Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесті. Олар Израильдің палестин жеріндегі бассыздығы мен Газа секторындағы адамдардың жазықсыз өліп жатқаны туралы әңгімелескен.   

«АВСТРИЯ ЕВРЕЙЛЕРГЕ ЖАСАҒАН ГЕНОЦИДТІ ОСЫЛАЙ ЖУЫП-ШАЙМАҚ» - ЕРДОҒАН

Ердоған ресми Анкара Палестинаның жағында екенін айта келе, жер бетіндегі барлық мұсылман елдерін Палестинаны қолдауға шақырды. Ердоған үндеуінде БҰҰ, БҰҰ ҚК мен өзге де халықаралық ұйымдардан Иерусалимдегі палестиналықтарды қорғауда белсенді болуды сұрады.    

Түркия президенті бұл қақтығысты реттеудің бір жолы ретінде Иерусалимді конфессияаралық комиссияның басқаруына беруді ұсынады. Ол аймақтағы шиеленісті реттеуге мұсылман, иудей және христиан қауымдарының өкілдері кірген басқарушылардың өзара ымыраласу арқылы басқаруы әсер етер еді деген пікірде.

«Осы қақтығыста Израильді жақтап, «отқа май құйып» отырғандардың көздегені - бейбітшілік емес, керісінше, жағдайды мейілінше ушықтыра түсу. Біз бұл аймақта соғыс емес, бейбіт өмір болғанын қалаймыз. Мысалы, Австрия мемлекеті Газа секторындағы қанды қырғын кезінде үкімет ғимаратының төбесіне Израиль туын көтеріп қоюы – нағыз арандату. Бұл олардың тарихына қара дақ болып түседі. Ресми Вена кезінде еврейлерге жасаған геноцидті осылай мұсылмандарға қысым жасау арқылы жуып-шайғысы келе ме?!», - деді Ердоған.

Azattyq Rýhy тілшісі бір аптадан бері тоқтамай тұрған текетірестің алдағы зардабы және осы соғыстағы ірі ойыншылардың рөлі туралы сарапшылардың пікірін тыңдап көрді. Өткен түні Ресей сыртқы істер министрлігі «Таяу шығыс квартетінің» кеңейтілген отырысын өткізу туралы бастама көтерді. Оған АҚШ, РФ, ЕО және БҰҰ кіреді. Ресми Мәскеу кеңейтілген форматқа 4+4+2+1 (Ресей, АҚШ, БҰҰ, ЕО + Египет, Иордания, БАӘ – Палестина, Израиль – Сауд Арабиясы) қатысушыларын шақырды.

Палестина тарапы РФ-ның бұл ұсынысын бірден қолдады. АҚШ тарапынан әлі ресми жауап болған жоқ, және Ресей ұсынған құрамда Түркия жоқ. Біз сарапшылардан осы форматтың перспективасы мен Палестина-Израиль қақтығысына әсері туралы сұрадық.

«БҰЛ ШИЕЛЕНІСТІ ШЕШУГЕ РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫ ЖҮРМЕЙДІ» - САЯСАТТАНУШЫ

Азия зерттеу инситутының директоры Сұлтан Әкімбеков РФ Сыртқы істер министрлігі ұсынған формуланың болашағына күмәнмен қарайтынын айтады.

«Әлбетте бұл отырыстың өтуіне АҚШ қарсы шығады. Байден билігінің қарсы болуы түсінікті жағдай. Себебі, жиналу бастамасын көтерген мемлекеттер Израильге қарсы екені белгілі. АҚШ Таяу шығыстағы бұл шиеленісті «елдің ішкі проблемасы» деп қарайды. Сондықтан сыртқы күштердің оған араласуын қаламайтын позицияны ұстанып отыр. Ал Израиль де өз кезегінде бұл текетірестерді ішкі ісіміз деп қарап, оны өзге елдермен талқылауға құлықсыз», - дейді саясаттанушы.  

Сұлтан Әкімбеков Палестина-Израиль текетіресі бойынша ешкім Ресейдің ақылына құлақ аспайды деп есептейді.

«Израиль Сириядағы жағдайды да бақылап отыр. Байқасаңыз, ол елде Ресей мен Иран бірігіп, ықпалын жүргізу арқылы Асад билігін қолдап отыр емес пе?! Сол себепті, бұл жағдайда орыстардың ақылын ешкім керек етпейді. Егер Израиль-Палестина мәселесін сыртқы күштер талқылайтын болса, Израиль Египетті делдал ретінде қатыстыруға мүдделі болатын сияқты. Бұған дейін ХАМАС Египетті арағайындыққа шақырып, Израильмен келіссөз жүргізуге өтініш білдірген еді. Ресми Тель-Авив үшін осы нұсқа қолайлы. Ал АҚШ-тың позициясы айтпаса да белгілі. Былтыр АҚШ экс-президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп жариялағаны және бар»,- дейді Сұлтан Әкімбеков.

«БҰЛ СОҒЫСТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ, ЖАҚЫНДА АЯҚТАЛАДЫ»

Десе де, бұл жолы АҚШ тараптарды оқ атуды тоқтатуға шақырды. Ал жоғарыда айтылған Мәскеудің ұсынысы бойынша халықаралық келіссөздердің болмайтыны белгілі. Себебі, Ресейдің ұсынысы АҚШ пен Израильдің пайдасына шешілмейтіні анық. Сұлтан Әкімбековтің пайымынша, Израиль ол жерде өздерін айыптайтынын біледі және келіссөздерден бас тартады.  

«Бұл жолғы соғыс өрті жақында сөнеді. Перспективасы жоқ текетірес. ХАМАС бәрібір Израильдің саясатын өзгертуіне ықпал ете алмайды. Жеңіс туралы ойламай-ақ қойса да болады. ХАМАС пен Палестина анклавтарын қарумен қолдайтын Сирия мен Ливан қиын жағдайда. Көмекке келе қоймайды. Иран да АҚШ-пен қарым-қатынасқа сызат түсіргісі келмейді, себебі екі ел арасында жаңа ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Ал, Ердоғанның позициясы түсінікті. Ол үлкен саясаттағы орнына салмақ қосып, Таяу шығыстағы ықпалын күшейту үшін барын салып жатыр. Ол да бұл шиеленіске тікелей араласпайтын болады. Тек дискуссиямен шектеледі. Десе де, осы айтылған елдердің барлығы әскери қақтығыстың болмағанын қалайды. Қалағанның өзінде, тек өз мүддесі тұрғысынан ғана қарайды», - дейді Азия зерттеу инситутының директоры.

Саясаттанушы Расул Жұмалы Израиль 1967 жылы Иерусалимді күшпен басып алған соң, жыл сайын осы күнді атап өтуді әдетке айналдырған.

«Бұл арандату. Осы және өзге де мәселелер палестиналықтардың ашу-ызасын тудыра беретін болды. Мақмұт Аббас пен оған бағына бермейтін ХАМАС ұйымының басқаруындағы Газа секторы тағы да ашу-ызаға булығып, көтерілісті бастап жіберді. Жастарды үгіттеп, Израильге қарсы бас көтеру екінші аптаға созылды», - дейді сарапшы.

Расул Жұмалының айтуынша, қазір араб елдері Палестинаны саяси-моральдық қолдаумен шектеліп отыр.

«Ашық қару-жарақ жіберу, әскер беру сияқты ойы жоқ сияқты. Әзірге палестиналықтар жауына жеке дара қарсы шығып отыр. Бірақ олардың да күші сарқылып жатыр. Тоқсаныншы жылдардың соңында осындай сценаримен соғыс жүрген, сосын ХАМАС-тың күші біткен соң, бітімгершілікке келумен аяқталды. Оның үстіне Израиль мен Палестинаның әскери әлеуетін еш салыстыруға келмейді. Израиль технология жағынан он есе орап алады. Теңдей қарсылас емес. ХАМАС-тың әскерінің ескі зымырандары атылса, діттеген жеріне жетпейді. Қарсылық көрсете алмауы содан. Сондықтан соғыс әрекеті ақырындап бәсеңдеп, біраз күнде тынышталады. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейтіні өкінішті», - дейді Расул Жұмалы.

Расул Жұмалының ойынша, халықаралық келіссөздерден оң нәтиже шыға қоюы екіталай. Бұған дейін де Израиль-Палестина қақтығысы туралы ондаған халықаралық пактке қол қойылған. Олар фомальдық келісім ретінде қалды.

«АРАБ ТҮБЕГІНІҢ ЖЕТЕКШІ ЕЛДЕРІ ИЗРАИЛЬМЕН ЖАУЛАСҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

«Израиль-араб текетіресінің 4 қамқоршысы бар. Олар - АҚШ, Ресей, БҰҰ және Еуропа Одағы. Бұлардың араласуымен бұған дейін көптеген келісімдерге қол қойылды. Осы бейбітшілік, бітімгерлік, соғысты тоқтату, Палестина автономиясының мәртебесі туралы ондаған келісімдер жасалды. Осло-1, Осло-2, Женева келісімдері.... Бірақ осы құжаттардың біреуі де толыққанды орындалған жоқ. Қантөгісті тоқтату үшін Ресейдің бе, ЕО бастамасымен бе, келіссөздер жүруі мүмкін. Одан да ол мемлекеттер Палестинаның өте күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескеріп, материалдық көмек бергені жөн болар еді. Ал сырттан тон пішіп, көзбояушылық жасаса, одан бұл елдерге келіп-кетер пайда жоқ. Пандемия жағдайында Палестинаның анклавтары сыртқы көмекке зәру», - дейді Расул Жұмалы.

Сарапшының пікірінше, осы күнге дейін Палестинаның экономикасына көмектесуді Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр сияқты елдер мойнына алып келді. Бірақ кейін Палестина үкіметінде сырттан келген көмекті талан-таражға салған коррупциялық әрекеттер болып, соңғы жылдары Араб түбегінің ірі елдері керісінше Израильді мойындап, олармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға күш салып отырғанын байқалады. Былтыр БАӘ алғаш рет Тель-Авивпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан.

«Сауд Арабиясы Израильді ашық мойындамаса да, байланысқа шығып отыр. Осыдан 5-10 жыл бұрын Араб елдері «Палестина біздің мәселеміз» деп, оны күн тәртібіне қойса, қазір олай емес.  Ол өзгеріп келеді. Палестиналықтар өзімен-өзі қалып келеді. Бұл палестиналықтардың ашуына тиіп отыр. Иорданияны, БАӘ мен Сауд Арабиясын «Израильмен ауыз жаласып отырсыңдар» деп айыптауы да содан. Рас, қазір бұлардың жағына Ердоған шығып отыр. Кәдімгідей көмек беретін шығар. Бірақ, араб бауырлары теріс айналып жатыр деп айтуға толық негіз бар», - дейді саясаттанушы.

Айта кету керек, Израиль мен Газа секторы шекараларындағы жағдай 10 мамырда ушыға түсті. Израиль үкіметі мұсылмандардың Иерусалимдегі Дамаск қақпасы алдында ақшам намазын оқуына тыйым салған. Бұл жағдай онсыз да шиеленісіп тұрған жағдайды ушықтырды. Одан бөлек 10 мамырда Израиль соты 28 палестин отбасын Шейх-Джаррах ауданынан шығарып жіберу туралы үкімді оқуы тиіс еді.

Шейх-Джаррахта соңғы 70 жылда тұратындар - негізінен палестиналықтар. Алайда, соңғы жылдары бұл өңірге еврейлер көп қоныстана бастаған. Ораза айының соңғы күндерінде Израиль шекарашылары мен жергілікті мұсылмандар Әл-Ақса мешітінің жанында жиі жанжалдасып, арты әскери қақтығысқа ұласты.

Тараптар осы бір аптада бір-біріне 3350 зымыран атқан. Оның 500-дейін Израиль жағы атып түсіріп, ракеталар палестина анклавының өзіне құлаған. Қазір Израиль тарапынан 10 адам көз жұмып, 50 адам жараланған. Ал Палестина тарапынан 212 адам қаза тауып, оның 61-і балалар екені белгілі болды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.