«От тұтатудың қажеті жоқ»: Ресей Мединскийдің Қазақстан туралы сөзі үшін кешірім сұрауға ниетті
Ермұхамет Ертісбаев танымал тұлғалар көпшілік алдында әр сөзін ойланып айтуы тиіс деген пікірде
Ресей президентінің көмекшісі, экс-мәдениет министрі Владимир Мединскийдің Қазақстан туралы айтқан дау туғызарлық сөзіне пікір білдірген саясаттанушы әрі мемлекет қайраткері Ермұхамет Ертісбав ондай жайттардың қайткенде де Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасына еш сызат түсірмеуі тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мединскийдің Қазақстан туралы жанжал туғызарлық сөзінен кейін ресейлік шенеуніктердің кешірім сұрады деуге келетін пікірлері жариялана бастады. Мен бұдан бұрын да осы әрекеттің бәрі – Мединский ұйымдастырған, сенаторлар мен мемдума депутаттары қатысқан сол дөңгелек үстелді парағылым, яғни ғылым маңайын айналшықтаған тірлік деп айтқан болатынмын. Олар ресейлік территория турасында әлдебір астарлы талқы жүргізе келіп, сөз соңында Мединский «ұлы ресейлік жерлер Украина, Қазақстан, тіпті Беларусь территориясында қалай қалып қойған?» деп сауал қойды», - деді Ертісбаев.
Сарапшының пікірінше, бұл жағдай үлкен дау-дамайға ұласа қоймаса да, Ресей тарапынан кешірім сұрауға келетін пікірлер жарияланды.
«Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков іле-шала, бір күн өтер-өтпес уақыт ішінде «Кремльдің күн тәртібінде ондай мәселе жоқ» деу арқылы Мединскийдің сөзін жоққа шығарды», - деп атап өтті қазақстандық саясаттанушы.
Ертісбаев сонымен қатар, Мединскийдің саяси астарлы сөзіне мысқылмен сын айтқан ресейлік сарапшы әрі шолушы Дмитрий Дризені мысалға келтірді.
«Бәлкім, ол айтылғандарға наразы болғандар табылып та қалар. Дегенмен, соған бола от тұтатудың қажеті жоқ. Әлбетте, бас жарып, көз шығаратындай ештеңе болған жоқ. Дегенмен, осыған ұқсас мәлімдемелерге аса мән беретін одақтастарымыз шын қабылдап қалуы мүмкін. Оның үстіне, Донбастағы жаңа шиеленістерді ескерсек, олар үшін бұл жанды жерге тиер мәселе екені рас», - деп Ертісбаев мырза саси шолушының сөздерін мысалға келтіре отырып, өзінің де сондай ұстанымда екенін аңғартты.
Мемлекет қайраткері сондай-ақ, осы сөздерге қатысты Ресейдің басты мемлекеттік тұлғаларының – президент Путин мен премьер-министр Мишустиннің және СІМ басшысы Лавровтың пікірін білгісі келетінін айтты.
Ертісбаевтың ойынша, қазақстандық саясаткерлер өз кезегінде мәдениетті түрде жауап бере білді.
«Қазақтардың мекен ету кеңістігі Қазақстан аумағынан әлдеқайда ары асып кеткен. Ресей мен біздің еліміздің терең тарихи байланыстары мен өзара ортақ тарихи кезеңдері бар. Міне, біз осы ерекшелікті қоғам игілігіне, жасампаздыққа пайдалансақ дейміз. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты барынша қолдағанда ғана, біз Қазақстан Республикасының үлттық мүдделерін қорғай аламыз. Бізге өзгенің ештеңесі қажет емес, бірақ өзімізге тиесіліні ешкімге бермейміз. Тарихты көршілер арасындағы ғасырлық дәстүрлерді талқандау үшін емес, парасатты сана, қоғам иігілігі тұрғысынан зерттеген жөн», - деп Ертісбаев саясаттанушы әрі депутат Ерлан Саировтың сөзін келтірді.
Сөз соңында Ертісбаев желтоқсан айында кейбір ресейлік депутаттардың атышулы пікірлері мен Мединскийдің жанжал тудырар сөзі ресейлік-қазақстандық қарым-қатынасты еш кері әсерін тигізе алмайды деп атап өтті.
«Үлкен билік тұтқасында отырған, әсіресе танымал шенеуніктер көпшілік алдында әр сөзін ойланып айтуы тиіс», - деп ой түйіндеді Ертісбаев.
Еске салсақ, Мединский дау тудырарлық сөзін 30 наурыз күні сенаторлар мен министрлік өкілдерінің Ресей мен Батыс текетіресінде тарихтың басты қару екенін талқылаған Федерация кеңесінде айқан болатын.
Бұрынғы мәдениет министрі, Ресей әскери-тарихи қоғамының төрағасы, мектеп оқулығының авторы Владимир Мединский аталмыш пікірсайыс барысында «тарихи шындықты бұрмалау – мақсат емес, құрал ғана» және «батыс күштері ресейліктерді санасын улап жатыр» деп мәлімдеді. Оның пікірінше, батыс құндылықтарын таңа берудің соңы ресейліктердің өз еркімен «Курилдерді, Калининградты, Карелияны және Выборгты қайтарғысы келетін күнге» әкеп соқтырары сөзсіз» екен.
Сөз соңында Мединский депутаттарға «ұлы ресейлік жерлер Украина, Қазақстан, тіпті Беларусь территориясында қалай қалып қойғаны» туралы ойлануға кеңес берген.