Тоқаев Алматыны одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Ол бизнеспен «кері байланыс» орнатудың тиімді тетігін жолға қою қажеттігін жеткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынды ашқан Қазақстан Президенті ел тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі табыстары Алматы қаласымен тығыз байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Тәуелсіздігіміз Алматыда жарияланды. Сондықтан бұл шаhардың тарихи рөлі айрықша. Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші. Сонымен бірге мұнда бизнес саласы жақсы дамыған», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту баршаға ортақ негізгі міндет саналатынын және азаматтарды жұмыспен қамтып, табысын арттыру басты назарда болуы қажет екенін еске салды.
Президент қаланың ұзақ мерзімге арналған даму стратегиясына сәйкес, Алматы өмір сүруге қолайлы және жалпыға бірдей тең мүмкіндік беретін қалаға айналуға тиіс екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы осы мақсатқа жету үшін бірқатар міндет жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші міндет ретінде экономикалық даму мәселесін атады.
Президент 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар екенін атап өтті. Осы орайда ол ахуалдың құбылмалы сипатына назар аударып, босаңсуға болмайтынын айтты.
Мемлекет басшысы бизнеспен «кері байланыс» орнатудың нақты әрі тиімді тетігін жолға қою қажеттігін жеткізді. Бұл ретте Президент қала әкімінің жанындағы Іскерлік кеңестің конструктивті жұмысын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаланы одан әрі дамыту үшін өсімнің жаңа бастаулары қажет деп санайды. Мұндай бағыттардың бірі жаңаша түрленген экономика.
«Бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұл жерде «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар. Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке аталған бағыт бойынша толыққанды әрі заманауи нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеу механизмін әзірлеуді тапсырды.
Президент бизнесті заңсыз араласудан қорғау мәселесін келесі маңызды міндет деп санайды. Бұл жерде бақылау-қадағалау немесе құқық қорғау қызметі кейпіндегі рейдерлік және бопсалау деректері жайында сөз болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша мұндай теріс іс-әрекеттерге қарсы күреске бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін аяқталады.
«Түпкі мақсат – заңдылық тұрғысынан бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қатынастар моделінің мінсіз болуы. Сингапурды жетістікке жеткізген үлгіні алуға болады. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі алға қойған мақсатқа жету жолындағы батылдыққа байланысты», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент шетелдік инвестицияларды қорғау мәселесіне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, инвесторлардың еліміздегі бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді.
«Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін», – деді Президент.