$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.03.2021, 14:20
Саясат

Тоқаев пен Жапаров бірлескен мәлімдеме жасады

Бішкекте Абай Құнанбаевтың, Нұр-Сұлтанда Манас пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіштері ашылмақ

Тоқаев пен Жапаров бірлескен мәлімдеме жасады
Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Достық пен сенім сипатында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылады, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Президенттер Қазақстан мен Қырғыз Республикасының бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастарын дамыту мен нығайтудағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған тарихи рөлін, сондай-ақ, оның Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға қосқан орасан зор үлесін айрықша атап өтті.

Мемлекет басшылары ғасырлар бойы достық, тату көршілік және бауырлас халықтардың өзара рухани байланыстарына негізделген саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының оң қарқын алуына қанағаттанатындарын атап өтіп, сондай-ақ, 1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қарым-қатынастар туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып, төмендегіні мәлімдейді:

  • Теңдік, өзара сенім, сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру негізінде достық, стратегиялық әріптестік және одақтастықтың қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын кешенді нығайту жолындағы бағдарының мызғымастығын растайды.
  • Бұрын қол жеткізілген, оның ішінде, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қарашада Қырғыз Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша уағдаластықтарды бірлесе жүзеге асыру маңыздылығын атап өтеді.
  • Қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуы үшін белсенді саяси диалогтың маңыздылығын мойындай отырып, биік, жоғары және басқа деңгейлердегі сенімді де сындарлы дәнекерліктің одан әрі өрістеуін құптайды.
  • Пандемияның жалғасуы жағдайында коронавирус инфекциясына қарсы бірлескен іс-қимылды жандандыру маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыдан қырғыз тарапы Қазақстан Республикасының жәрдемі мен көмек көрсетуге әзірлігі, соның ішінде, гуманитарлық сипаттағы қолдауы үшін ризашылық білдірді.
  • Эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін мойындай отырып,  тараптар мемлекеттердің аумағы арқылы азаматтардың және көлік құралдарының транзиті мен еркін қозғалысы үшін келісілген шараларды қабылдау маңыздылығын атап өтеді.
  • Сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуді, тауарлар мен қызметтер бойынша өзара сауда құрылымын өсіру мен оны әртараптандыруды қамтамасыз етудің ерекше мәнді екенін растайды.
  • Өнеркәсіп, гидроэнергетика, отын-энергетикалық кешен, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, өңдеу секторы, логистика саласында, жол-көлік инфрақұрылымы мен банк саласындағы кооперациялық жобаларды іске асыруға бағытталған іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейту қажеттігін атап көрсетеді.
  • Инвестициялық өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту, инвестицияларды тартуға қолайлы жағдайлар жасау және оларды мемлекеттік деңгейде қорғау маңыздылығын атап өтеді. Тараптар инвестицияларды жан-жақты қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауға шынайы ниетті екенін білдіреді.    
  • Қырғыз Республикасы ЕАЭО-дағы Қазақстан Республикасы төрағалығының басымдықтарына қолдау білдіреді. Осы тұрғыдан тараптар еуразиялық экономикалық интеграция, соның ішінде, тосқауылсыз, алып тастаулар мен шектеулерсіз, тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал және ортақ еңбек нарықтарының әлеуетін толықтай ашып көрсетуге бағытталған шараларды әзірлеуде санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша өзара ықпалдастықты нығайту, өнеркәсіптік кешендердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басқа да бағыттарда ортақ әдістемелерді қалыптастыру маңыздылығын атап өтеді.
  • Мемлекеттердің көлік-транзиттік әлеуеттерін одан әрі дамыту, сондай-ақ, цифрландыру және ақпаратпен алмасу, оның ішінде, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
  • Тараптар шекара маңы ынтымақтастығының әлеуетін ашып көрсету мақсатында Бірінші өңіраралық қазақ-қырғыз форумын өткізуге мүдделі екенін растайды.
  • Ортақ экономикалық кеңістік жағдайында тауарлардың Қазақстан мен Қырғызстан аумақтары арқылы бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету үшін қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында логистикалық орталық құруды тездету бойынша Үкіметтерге тиісті тапсырма берілді.
  • Орталық Азия елдерінің экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігі бойынша сындарлы ынтымақтастыққа және стратегиялық әріптестік, сенім, тату көршілік, теңдік және бір-бірінің мүдделерін ескеру негізінде су-энергетика ресурстарын кешенді пайдалануға өзара қызығушылық білдіреді.
  • Өңірлік кооперацияның өзекті мәселелері бойынша ұстанымдардың ұқсастығын және Орталық Азиядағы сенімді, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдесуге  ұмтылыстарын растайды.
  • Өңірішілік ынтымақтастықтың барлық салаларында бесжақты өзара ықпалдастықты жандандыру үшін қолайлы жағдай тудыратын Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері форматын одан әрі дамытудың басым мәнге ие екендігін ерекше атап көрсетеді. 2021 жылы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуін Қырғыз Республикасында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін өткізудің маңыздылығын атап өтті.
  • Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМЫК, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде сындарлы диалогты жалғастыру қажеттілігі туралы ортақ пікір білдіреді.
  • Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің  (АӨСШК) әлеуетін дамытуға, соның ішінде, оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға ниетті екендерін білдіріп, қос мемлекет үйлестірушілері болып табылатын АӨСШК Адами өлшемін дамытуға келісті.
  • Орталық Азия мемлекеттері экономикаларының неғұрлым тұрақты дамуына ықпал ететін, 2021 жылы Қырғыз Республикасында өткізілуі жоспарланған Еуропалық Одақ – Орталық Азия бірінші экономикалық форумның елеулігін атап көрсетеді.
  • Халықаралық терроризмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, халықаралық қауіпсіздікке төнетін басқа да сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы күрес мәселелерінде екіжақты және көпжақты деңгейдегі бірлескен күш-жігер арттырудың маңыздылығына назар аударады.
  • Қос халықтың мәдени-тарихи және тілдік ортақтығын ескеріп, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растайды. Тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыруға ниетті.
  • Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылған алдағы мерейтой іс-шараларының маңыздылығын атап өтеді.
  • Бірлескен телевизиялық жобалар, көрмелер, фестивальдер және өзге де мәдени іс-шаралар өткізу тұрғысынан жәрдем көрсетуге, ортақ тарихи және мәдени мұраны сақтау мен ілгерілету мақсатында күш-жігер біріктіруге әзірлігін білдіреді.
  • Жуық арада Абай Құнанбаевтың Бішкекте, сондай-ақ, Манас пен Шыңғыс Айтматовтың Нұр-Сұлтанда ескерткіштерін орнату туралы уағдаластықтардың ерекше мәнге ие екенін айрықша белгілеп өтеді. 
  • Тараптар табысты келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін, сондай-ақ, қол жеткізілген уағдаластықтарды ойдағыдай іске асыруға ерекше мән береді.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына ризашылығын білдірді және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан басшысын өзіне ыңғайлы уақытта сапармен Қырғыз Республикасына келуге шақырды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.

Серіктес жаңалықтары