Мысыр Қазақстан аумағында мыс кен орнын сатып алады
Қазақстан мен Мысыр екіжақты келісімдерге қол қойды

Мысыр тарапының шақыруымен 2021 жылдың 5-7 ақпаны аралығында Қазақстан – Мысыр сауда-инвестициялық бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға шамамен 300-ге жуық адам қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бастаған делегацияны еліміздің 13 өңірінен барған 60-тан астам қазақстандық компания, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдері таныстырды. Форумға Мысыр тарапынан іскерлік қоғамдастықтың 200-ден астам өкілі, сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Тарик әл-Уасими, Оңтүстік Синай провинциясының губернаторы Халед Фуда, Мысыр сауда палаталары Федерациясының басшысы Ибрахим әл-Араби қатысты.
Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шарифтің айтуынша, қосі тарап екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың деңгейін одан әрі арттыру үшін өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты арттыруға ниетті.
«Қазақстан Мысырды Африканың «қақпасы» ретінде қарастыра отырып, екіжақты іскерлік кеңес пен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның көмегімен экспортты ары ғарай ілгерілетуге дайын. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Мысыр арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қою қазақстандық өнім экспортын ұлғайтуға қосымша серпін береді, бұл халқы 100 миллион адамнан асатын Мысыр нарығына жол ашады», – деп атап өтті елші.
Іс-шара барысында «Қазақстанда жасалған» әмбебап көрмесі ұйымдастырылды, онда қонақтардың назарына отандық өндірушілердің, оның ішінде Африка құрлығына экспорттайтын компаниялардың өнімдері ұсынылды. Сонымен қатар, отандық және мысырлық компаниялар арасында екіжақты бизнесаралық келіссөздер жүргізілді.
«Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар экономикалық құжаттарға қол қойылды. Осылайша, қазақстандық компаниялар Мысыр нарығына 3 миллионға дейін ұлғайту перспективасымен 1 миллион дана көлемінде бөтелкедегі суды жеткізу, қазақстандық кәсіпорын негізінде фармацевтикалық дәрі-дәрмектерді шығару, сондай-ақ Қазақстан аумағында мыс кен орнын сатып алу туралы уағдаласты», - делінген хабарламада.