Мьянма азамат соғысының алдында тұр – БАҚ
Билікке әскерилер келген соң, елде жаппай наразылық басталды

Мьянма тұрғындары 2020 жылдың қарашасында өткен Парламент сайлауында бұрмалаушылық болды деп санайды. Бұл пікірді өз пайдасына шешкен әскери билік елдегі билеуші топ - азаматтық Үкіметті бір-ақ күнде тақтан тайдырды. Олар мемлекеттік кеңесші Аун Сан Су Чжи, Үкімет басшысы, сондай-ақ ел Президенті Вин Мьинді ұстап алып, қамаққа алды.
Бұл әрекет халықтың одан сайын ашу-ызасын тудырды.
1 ақпанда жаңа сайланған Парламенттің алғашқы отырысы өтуі керек еді. Алайда, ел бойынша интернет істен шығып, биліктегі маңызды тұлғалар хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Аз уақыт өткен соң оларды әскери күштердің басып алғаны белгілі болды.
Шағын мемлекет президент билігіне ғана бағынбайды. Соңғы 50 жылда Мьянма қарулы күштерінің саяси және экономикалық ықпалы зор екенін атап өту керек. Міне, дәл осы ықпалды әскери күштер 1 ақпанда елде бір жылдық төтенше жағдай жариялады. Вице-президент Мьинт Швені елдің уақытша президенті етіп тағайындады.
Уақытша президенттің қолы қойылған декларация әскери қызметкерлерге тиесілі «Мьявади» телеарнасының эфирінде оқылды. Бұл құжатта мемлекеттік биліктің толықтығы Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы, аға генерал Мин Аун Хлаинға берілетіні айтылды.
1 жылдан соң әскери күштер елде әділ сайлау өткізуге уәде берді. Фейсбук, Инстаграм және Твиттерді істен шығарды. Жалпақ жұрт бұл шешімдерге қарсы.
Жергілікті «Иравади» басылымының Facebook желісінде жариялаған ақпаратына сәйкес, демонстрация елдің бұрынғы астанасы және ең үлкен қала Янгонда, екінші ірі қала Мандалайда өтіп жатыр. Ереуілге он мыңнан астам адам шықты. Жергілікті порталдың хабарлауынша, полиция қызметкерлері бірнеше жүз адамға резеңке оқ жаудырған.
Ереуілшілер «Диктатураға жол жоқ!», «Жасасын демократия», «Аун Сан Су Чжи – халықтың анасы!» деп ұрандатып жүр.
ХАЛЫҚ ЖАҚТАҒАН АУН САН СУ ЧЖИ КІМ?
Аун Сан Су Чжи – ұлт батыры Аун Санның қызы (Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапониямен тығыз жұмыс істеген Бирма коммунистік партиясының негізін қалаушы), бұрынғы саяси тұтқын, 1991 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, NLD партиясының жетекшісі, 2016 жылдан бастап Мьянма (бұрынғы Бирма) үкіметін де-факто басқарып келеді.
Аун Сан Су Чжи ерекше мәртебеге ие болып, оған арнайы «Мемлекеттік кеңесші» лауазымы берілді. Өйткені, 2008 жылы қабылданған конституцияға сәйкес, бұрын шетелдік азаматтықта болған адам президенттікке үміткер бола алмайды. Ал, Аун Сан Су Чжи марқұм күйеуі, ағылшын тибетологы және буддизм тарихын зерттеуші Михаэль Эйрис сияқты бұрын Ұлыбритания азаматы болған.
Мьянмадағы билеуші партияның (NLD) өкілдері әскери күштердің шешімімен түрмеге тоғытылды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, олар президент Вин Мьин мен партия жетекшісі Аун Сан Су Чжиді белгісіз бір жерде жасырып отыр.
БАС ҚОЛБАСШЫ НЕГЕ ХАЛЫҚҚА ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ?
Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы, аға генерал Мин Аун Хлаин бүкіл ғұмырын әскери қызметке арнаған. Ол Бас қолбасшы лауазымына 2011 жылдан бастап кірісті. ВВС-дің хабарлауынша, БҰҰ-да оны рохинджа мұсылмандарын қудалауға қатысы бар деп айыптады. Кем дегенде 10 мың адам қайтыс болған, 700 мың адам босқын болған оқиғаға дәл осы генерал айыпталған.
«Мьянманың жоғары дәрежелі әскери генералдарына, атап айтқанда Жоғарғы бас қолбасшы генерал Мин Аун Хлаинге қатысты, Ракхайнның солтүстігіндегі геноцид үшін, сондай-ақ Ракхайн, Качин және Шан аймақтарындағы адамзатқа қарсы қылмыстар мен әскери қылмыстар үшін тергеу және соттау қажет», - делінген 2018 тамызында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде.
2019 жылы АҚШ Мин Аун Хлаинге «этникалық тазарту» өткізгені үшін және адам құқығын бұзуға қатысқаны үшін екі рет санкция енгізді. 2020 шілдесінде Ұлыбритания тарапынан да оған санкциялар салынды.
2020 жылғы қараша сайлауында Аун Сан Су Чжи партиясы жеңіске жеткен кезде, Бас қолбасшы әскерилердің күші шектелетін болса, төңкеріс болуы туралы ескерткен.
«НАРАЗЫЛЫҚ СОҢЫ – АЗАМАТТЫҚ СОҒЫС»
«Экономика жоғары мектебі» ұлттық зерттеу университетінің әлемдік экономика және саясат факультетінің профессоры Алексей Маслов Мьянмадағы жағдайдың соңы азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін деп есептейді.
«Елде наразылық білдіріп жатқан тұрғындарды түрлі топқа бөліп қарауға болады. Олардың әрқайсысы өз мақсатын көздеп отыр. Мәселен, Мьянмада тұратын этникалық қытайлар ескі тәртіпке оралуды көздейді. Көпшілік Мьянма көшбасшысын босатуды және олардың көзқарасы бойынша заңды билікті қалпына келтіруді белсенді түрде қолдайды. Алайда, елдегі бірқатар аймақ тұрғындарының әскери басқаруды жақтайтынын көріп отырмыз. Сол себепті, Мьянма бүгінде азаматтық соғыс алдында тұр», - деді Маслов.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан