Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министрін қабылдады

Президентке ведомствоның алдағы негізгі міндеттері жайында баяндалды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министрін қабылдады
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің 2020 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері, Президент Жолдауында қаржы саласына қатысты айтылған тапсырмаларының орындалу барысы, ведомствоның алдағы негізгі міндеттері жайында баяндалды.

Министр бюджеттің тең бөлінуін қамтамасыз ету, салық-кеден әкімшілігін цифрландыру, көлеңкелі экономиканың көлемін азайту, мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру, сатып алу мен мемлекеттік аудит жүйелерін жетілдіру туралы айтты.

Мемлекет басшысы үш жылдық республикалық бюджетті оңтайландыруға және сапалы әзірлеуге қатысты бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев салық-кеден әкімшілігін цифрландыру жұмысын толық ойластырып, белгіленген мерзімде орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Президент мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған барлық жаңа заңнамалық бастамалар әбден пысықталуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудиторлық қызмет тиімді болуы қажет және ресми органдардың негізсіз бюджеттік шығындарын анықтап, оның алдын алу шараларына баса мән беруі керек деп санайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.