Қырғызстанның жаңа премьер-министрі туған бауырын қызметінен босатты
Бұл – кеше ғана қызметіне кіріскен премьердің алғашқы шешімдерінің бірі
Қырғызстанның жаңа премьер-министрі Ұлықбек Марипов туған інісі Бақытбек Мариповты Ош облысына қарасты Ноокат ауданының әкімі қызметінен босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kg-ге сілтеме жасап.
Бұл – Қырғыз үкіметін басқаруға кіріскен Ұлықбек Мариповтың мүдделер қақтығысын болдырмау үшін қабылдаған алғашқы шешімдерінің бірі. Бақытбек пен Ұлықбек – ағалы-інілі туған бауырлар.
Қырғызстанның жергілікті өзін-өзі басқару органдары биліктің атқарушы тармағының бір бөлігі және тікелей премьер-министрге бағынады.
Естеріңізге сала кетейік, 3 ақпанда Жогорку Кенеш депутаттары премьер-министр қызметіне 41 жастағы Ұлықбек Мариповтың кандидатурасын мақұлдады. Бұған дейін Ұлықбек Марипов Қырғызстанның Қаржы министрлігінде, Президент аппаратында, Төтенше жағдайлар министрлігінде, Үкімет аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Сондай-ақ экс-президент Алмазбек Атамбаевтың көмекшісі болды.