Айқын көшбасшы – «Nur Otan». Неге?
Партия өкілдері өңірлерде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде
Қазір қоғам өзгерген. Жұртшылықтың көзі ашық. Популизм мен құрғақ уәдені қабылдамайды. Халыққа нақтылық әрі орындалатын жоспар қажет. Ал, ол жоспар «Nur Otan» партиясында бар. Еліміз кезекті демократиялық тарихи белесті өткергелі тұр. Ақпараттық майдан күшейген кезеңде елдің тұрақтылығын, бірлігін сақтау да оңайға түспейді. Оған тұрақтылығы шайқалған мемлекеттердің қазіргі жай-күйі дәлел. Бұл ретте елдегі әрбір саяси қадамды заңға сәйкес, ынтымақ-бірлікпен, отаншылдық сезіммен өткерудің маңызы зор. Оны қоғам түсінеді.
Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясы қайта жаңғыру, жаңару процесін өткерді. Соның алғашқы қадамы ретінде 2020 жылы «Nur Otan» партиясы партияішілік аламан – праймериз өткізді. Бұл Қазақстан үшін тың бастама еді. Дегенмен, праймериз қоғам тарапынан зор қызығушылық туғызды. Оның негізгі міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру, қоғам қолдауына ие, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды бәсекелестік негізінде іріктеу болатын. Сайлаушылары және партия мүшелері көп өңір Түркістан облысында праймериз жоғары деңгейде өтті. Партияішілік іріктеуде Түркістан облысынан 1073 адам бақ сынады. Енді 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін сайлаудан кейін облыстық мәслихаттың депутаттар корпусы 70 пайызға жаңаруы мүмкін. Себебі, елімізде алғаш рет жаңа форматта өткізілген праймериздің қорытындысы бойынша партия қатары тегеурінді тұлғалармен толықты. Олар депутаттыққа үміткер ретінде саяси додаға қатысып, алдағы уақытта облыстың дамуы мен өркендеуіне ықпал етеді деген сенім зор.
«Nur Otan» партиясы әр өңірді дамытуға бағытталған, 17 басымдыққа негізделген сайлауалды бағдарлама әзірледі. Ол – бұған дейін атқарылып жатқан жұмыстардың заңды жалғасы. Партияның Түркістан облыстық филиалы да халық пен биліктің арасында алтын көпір бола отырып, жиындар мен кездесулер, қабылдаулар өткізіп, онда көтерілген түйінді мəселелерді шешуде оңтайлы нəтижелерге қол жеткізіп келеді. Мұның өзі партияға деген халықтың сенімі мен ықыласын нығайта түсуде.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалына қарасты қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2016-2020 жылдар аралығында 127,2 мың өтініш келіп түскен. Соның басым бөлігі оң шешіліп, қалғандарына консультативтік көмек көрсетілген. Ал, 2020 жылдың басынан бері «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалына қарасты қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 27 мың өтініш түскен. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есе көп. Елдің партияға деген сенімінің көрінісі осы болса керек!
Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланған қиын кезеңде «Nur Otan» партиясы «Біз біргеміз» акциясын үйлестірді. Жалпы, акция аясында 43 мыңнан астам отбасына азық-түлік себеттері берілген. «Біргеміз» қоры арқылы 40 мыңға жуық мұқтаж отбасы 50 мың теңгеден алды. Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де нұротандықтар алғашқы күннен бастап, ауылдар қашан қалпына келгенше қызмет етті. Гуманитарлық керуендер ұйымдастырды. «Біргеміз» қоры арқылы 32 отбасының баспаналы болуына ықпал етті.
Партия өз қызметінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстанады. Сондықтан республика бойынша 216 сайлауалды бағдарламаны әзірлеген кезде әрбір ауданның, қаланың, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайлары зерттелді. Елдің ұсыныстары, өтініштері, арыздары қабылданып, бағдарламаға енгізілді.
Жетекші партия еліміздің дамуын жеті басым бағытта жүзеге асырғалы отыр. Экономикалық тұрақтылықты сақтаудан бөлек, елдегі кәсіпкерлерге қолдау білдіру, шағын және орта бизнеске қаржылай көмек беру, жеңілдіктер қарастыру, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау сынды негізгі мақсаттар көңіл қуантарлық.
Мынау жаһанды жайлаған пандемия еліміздегі өзекті мәселелер қатарын арттырды. Мәселен, медицина саласында әлі де кемшін тұстар бары айқын аңғарылды. Осыған орай облыс аймағында алдағы бесжылдықта халықтың өмірі, денсаулығы басты назарға алынбақ. Медицина нысандары көбейеді. Мұнан бөлек 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы 2,5 есе өсетіндігі туралы жаңалық та жұртшылық көңілінен шықты.
Көшбасшы партия бағдарламасында Түркістан облысына айрықша мән берілген. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай құрылысының 1-кезеңі биыл аяқталды. 2-кезеңін аяқтауды партия өз бақылауында ұстамақ. Сонымен қатар партия 2023 жылы Түркістан қаласында жаңа теміржол вокзалының құрылысын бастауға ықпал етпек. Мұнан бөлек, Түркістан облысындағы жолдардың сапасын жақсарту да назардан тыс қалмайды. «Nur Otan» партиясы Түркістан қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтауға барын салғалы отыр. Ауылдық елді мекендерді газбен жабдықтау деңгейін 2021 жылы 54,1 пайыздан 2025 жылға қарай 69 пайызға дейін көтеруге ықпал етпек. 2025 жылға дейін облыста 124,9 мың жаңа жұмыс орнын (жылына орта есеппен 24,9 мың) ашу міндетін қояды, оның 67,5 мыңы тұрақты жұмыс орны болып табылады. Нәтижесінде облыс бойынша орташа жалақыны 149,4 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Партияның Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасындағы 7 басымдық – Экономикалық тұрақты аймақ; Жайлы аймақ; Әлеуметтік бағдарланған аймақ; Жастарға арналған аймақ; Мәдениеті мен тарихы бай аймақ; Ашық және есеп беретін жергілікті органдар; Қауіпсіз аймақ. Бұл бағыттардың әрбірінде жүздеген дерек, сандар бар. Олардың бәрі жұртшылыққа ұсынылып, партияның сайтында жарияланған. Біздің айтқымыз келгені – партия демократиялық бетбұрыс жасап, ашықтықты, әділдікті, шынайылықты бағдар етіп ала білді. Елге керегі де осы емес пе?!
Төлеби ауданының тұрғыны, 70 жастағы зейнеткер, партия ардагері Ақберді ақсақал алдағы саяси бәйгеде партия ең көп дауыс жинап, аламанның алдынан келеді деген үмітте. «Бүгінде ауыл халқының жағдайы өте жақсы. Бұрындары мұндай ас та-төк дастарқан болмайтын. Халық қара нан мен қара шайға зар болған күндер аз болған жоқ. Міне, тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғанның арқасында мемлекетіміз күн санап дамып, халықтың да тұрмыс жағдайы жақсарып келеді. Бұл – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы» дейді ақсақал.
Қазіргі күрделі кезеңде «Nur Otan» партиясы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз» деген ұранмен алға қарай нық қадам басуда. Бұл бірліктің ғана жеңіске жетелейтінін ұғынатын сәттің келгенін білдіреді. Ендеше, өңір жұртшылығы да дұрыс таңдау жасайды деген сенім бар.
Жеңімпаздар қатарында болыңыз! «Nur Otan» партиясына дауыс беріңіз!
Максим Казначев, саясаттанушы:
«Nur Otan» партиясының бағдарламасы партияның дағдарыс жағдайына жедел ден қоя отырып, уақытпен қатар қадам басып келе жатқанын көрсетеді. Өткен праймериз партияның жүйелі жаңаруға дайын екенін дәлелдеді. Партияішілік іріктеу барысында белсенді тұлғаларды анықтауға мүмкіндік туды. Партияға жаңа мүшелер, оның ішінде өз саласының танымал тұлғалары кірді. Өңірлердегі пікірталастарда бағдарламалардың қызу талқылануы қорытынды құжатта нақты проблемалардың ескерілетінін білдіреді.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
Партияның сайлауалды бағдарламасы нақты істерге негізделген. Алдағы бес жылда адам капиталын арттыруға, ана мен баланың жағдайын жақсартуға, аймақтарды дамытуға 21 трлн. теңгені бағыттау елдің әлеуметтік прогресін сөзсіз күшейтеді. Менің ойымша, бұл өте ауқымды, сонымен бірге біздің елімізде әлеуметтік-экономикалық дамуды, әртүрлі территориялық мәселелерді шешуге бағытталған нақты бағдарлама деп айтуға негіз бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» қайта құрудан өтті» деді. Міне, осы қайта құру, реформа, реформация еліміздегі пандемияға байланысты қордаланған әртүрлі әлеуметтік мәселені шешуге дайын.
Берік Әбдіғали, қоғам қайраткері:
Ауылдың тұрғыны ретінде мені бағдарламаға «Ауқатты ауылдар» бөлімінің енгені қатты қуантады. Өйткені, ауыл – ұлтымыздың берекесі. Ауылдың өмір сапасын жақсарту дегеніміз – ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін газ, ауыз су, жол, интернет пен мобильдік телефон байланысы мәселелерін шешу. Осының бәрімен ауылдарды жақын арада қамту бағдарламада нақты қарастырылған.
Ермұхамет Ертісбаев, саясаткер, қоғам қайраткері:
Мен барлық партиялардың бағдарламаларын зерттедім. Бұған көп уақыт пен күш жұмсалды. Менің түйгенім: «Nur Otan» партиясының деңгейіне ешбірі жете алмай тұр. «Ақ жол» қоғам сотына 32 парақ уәде берді. «Адал» сапаға шағым білдіретін стратегия дайындады. Бірақ, шындыққа тура қарасақ, «Nur Otan» бағдарламасымен салыстырғанда мұның бәрі көрінбей қалады. «Nur Otan» бағдарламасының ең басты ерекшелігі – ол дағдарысқа қарсы дайын жоспар. «Nur Otan» қол жеткізілуі тиіс255 нақты шара мен 160 нысаналы индикаторды көрсетті. Бұл – тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Әзірлеген Баян Дарғожина
«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық сайлау қорының қаражатынан төленді.