Ұлыбританияда үшінші рет жалпыұлттық локдаун жарияланды

Соңғы аптада күн сайын 50 мыңнан астам науқас анықталып жатыр

Ұлыбританияда үшінші рет жалпыұлттық локдаун жарияланды
Фото: ашық дереккөзден

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон коронавирустық пандемияға байланысты елде үшінші жалпыұлттық карантин енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

Джонсон коронавирустың жаңа штаммы үлкен жылдамдықпен таралып жатқанын айтты. Сондықтан «Үшінші ұлттық локдаун қажет» деді премьер-министр.

Оның айтуынша, сейсенбі, 5 қаңтардан бастап ағылшын мектептері қашықтан оқыту режиміне көшеді, тек «негізгі» мамандық өкілдерінің балалары, мысалы, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, курьерлер, сатушылардың балалары мектептерге бара алады. Азаматтарға үйден тек бір реттік серуенге, дәрігерге немесе дүкенге шығуға рұқсат етіледі. Ауыр созылмалы аурулары бар адамдарға үйден мүлдем шықпауға кеңес берілді. 

Бұған дейін Ұлыбритания дәрігерлері елдегі коронавирус қаупінің деңгейін максималды деңгейге көтеруді ұсынған болатын. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта коронавирустың халық арасында таралуы өте жоғары деңгейде, ауруханалар мен жансақтау бөлімдерінде COVID-19 пациенттерінің саны өсуде.

Дүйсенбі, 4 қаңтарда, Ұлыбританияда бір күнде анықталған коронавирус жағдайларының саны пандемия басталғалы бері рекордтық көрсеткішке жетті – 58 784 науқас тіркелді. Соңғы аптада күніне 50 мыңнан астам адамнан вирус анықталып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.