АҚШ Қазақстанға COVID-19-бен күрес үшін $6 млн қаражат берді

Ақ үй Денсаулық сақтау министрлігімен және оның мекемелерімен ашық деректер алмасуға үміттенеді

АҚШ Қазақстанға COVID-19-бен күрес үшін $6 млн қаражат берді

АҚШ Қазақстанның COVID-19-ға қарсы күресіне 6 миллион доллардан астам қаражат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

АҚШ Үкіметі өзінің Халықаралық даму агенттігі (USAID) және Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) арқылы 2020 жылы Қазақстан Үкіметінің COVID-19 пандемиясымен күресу жөніндегі күш-жігерін қолдау үшін зертханалық жабдықтар мен материалдарды қоса алғанда, 6,2 миллион доллар көлемінде көмек көрсетті.

15 желтоқсанда АҚШ-тың Бас консулы Эрик Майер, USAID-тің Орталық Азиядағы миссиясы директорының орынбасары Питер Янг және CDC-тің Орталық Азиядағы директоры Дэниел Сингер зертханалық жабдықтардың Қазақстанда қалай пайдаланылып жатқанын көру үшін Алматыдағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығына барды.

«Біз Денсаулық сақтау министрлігімен және Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастығымызды кеңейтуге дайынбыз. АҚШ Үкіметі денсаулық сақтау жүйесіндегі ашықтықты және ашық ақпараттық экожүйелерді қолдайды. Еркін ақпарат алмасу осы пандемияны жеңуде және болашақ денсаулыққа қауіп төндіруде шешуші рөл атқарады. Біз Қазақстандағы COVID-19-бен күресте жақсы ынтымақтастық орнату үшін Денсаулық сақтау министрлігімен және оның мекемелерімен ашық деректер алмасуға үміттенеміз», - деді АҚШ Бас консулы Майер сапар барысында сөйлеген сөзінде.

Айта кетерлігі, соңғы екі онжылдықта Америка Құрама Штаттары Қазақстанға 2 миллиард доллар инвестициялады, оның ішінде туберкулез бен АҚТҚ/ЖҚТБ-ның таралуын болдырмау үшін денсаулық сақтау саласына 86 миллион доллардан астам қаражат жұмсалды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.