Оралда оқушыны қағып, қашып кеткен жүргізуші 2 айға қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

В. Петрунинге ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылды

Оралда 10 жасар қызды қағып, қашып кеткен жүргізуші екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мамандандырылған тергеу соты Валерий Петрунинді екі айға қамауға алу туралы анықтаушының өтінішін қанағаттандырып, санкциялады.

В.Петрунинге ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне соқтырған жол ережесін бұзу) және 347-бабына (жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сәйкес айып тағылды.

Күдікті 20 қараша күні «Ауди А6» автокөлігімен жаяу жүргінші жолағымен өтіп бара жатқан жасөспірім қызды қағып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында оқиға орнынан қашып кеткен.

Оған қоса, көлік құралын басқаруға құқығы болмаса да, В.Петруниннің автокөлікті тұрақты айдап жүргені анықталды. Сол үшін көптеген әкімшілік жазаға тартылған. Сонымен қатар, оған мекенжай орны бойынша теріс мінездеме берілген.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 10 жасар қызды қағып, қашып кеткен жүргізуші туралы, кейін марқұм қыздың сүйегін мәйітханада шатастырып, басқа біреулерге беріп жібергендердің жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ осы оқиғаға байланысты Орал қаласы әкіміне сөгіс жарияланды.