Храпуновтар ісі: Швейцария прокуратурасы тергеуді тоқтатты
Виктор Храпуновқа қатысты тергеу шаралары алты жыл бұрын басталған болатын
Швейцария прокуратурасы Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновқа қатысты тергеуді тоқтатты, деп жазады Sputniknews сайты Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу шаралары 6 жыл бұрын басталған болатын. Осы іс бойынша Храпуновтың өзі және оның отбасы мүшелері жауапқа тартылған еді. Тергеу кезінде экс-әкім Швейцарияда тұрды.
«Мемлекеттік айыптаушы істі тоқтату туралы бұйрықты шығарғанын растайды. Осы құжаттар барлық мүдделі тарапқа 14 қарашада жіберілді. 25 қарашаға дейін бұйрыққа қатысты шағым түсіруге болады», - деді Женева прокуратурасының өкілі.
Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстан соты Виктор Храпуновтың ісі бойынша сырттай үкім шығарып, оны жемқорлық пен мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айырды.