$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2020, 10:27
Саясат

Путин мен Медведевтің жеке басына өмір бойына қол сұқпау құқығы беріледі

Мемлекеттік дума Ресейдің экс-президенттеріне қатысты заңды қабылдады

Путин мен Медведевтің жеке басына өмір бойына қол сұқпау құқығы беріледі
фото: kommersant.ru

РФ мемлекеттік думасының депутаттары үшінші оқылымда Ресейдің экс-президенттерінің өміріне және жеке басына қатысты қол сұғылмауына кепілдік беру туралы заңды қабылдады.

«Өкілеттігін тоқтатқан Ресей Федерациясының президентіне және оның отбасы мүшелеріне кепілдіктер туралы» федералды заңның үшінші бабына өзгерістер енгізіледі.

Бұрынғы мемлекет басшысын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға, сондай-ақ ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, жауап алуға немесе жеке басын тексеруге болмайды. Бұл ол тұрған тұрғын және қызметтік үй-жайларға, автомобильдерге, байланыс құралдарына, құжаттарға, багаж бен хат-хабарларға қолданылады.

Заңның қазіргі редакциясында экс-президентерге қатысты «президенттік өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартуға болмайды» деп көрсетілген.

Ал құжаттың жаңа нұсқасында Ресейдің экс-президентін қол сұқпаушылық құқығынан айыру өте қиын болады. Ол үшін мемлекеттік дума мемлекетке опасыздық жасады немесе басқа да ауыр қылмыс жасады деп айып тағуы керек, Жоғарғы сот бұрынғы мемлекет басшысының әрекеттерінде қылмыстың белгілері бар екенін растайды, ал Конституциялық сот айыптаудың белгіленген тәртібі сақталады деп қорытынды жасауы керек.

Сарапшылар бұл жағдайға қатысты пікірін айтып, заң бұрынғы президенттерге отставкаға кеткеннен кейін қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар жасауға мүмкіндік беретінін айтты. 

Экс-президенттерге қол сұғылмауын қамтамасыз ететін заң жобасы мемлекеттік думаға 5 қарашада енгізілді. Түзетулердің авторлары - сенатор Андрей Клишас және мемлекеттік думаның депутаты Павел Крашенинников. Мемлекеттік дума құжатты 17 қарашада бірінші оқылымда қабылдады.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары