Лукашенко Олимпиада ойындарынан шеттетілді
Беларусь басшысы спортшыларды саяси дискриминациядан қорғамайды деп айыпталды
Беларусь президенті Александр Лукашенконың енді Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) қамқорлығымен өтетін іс-шараларға қатысуға құқығы жоқ, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Бұл туралы ұйым басшысы Томас Бах ресми мәлім етті.
«Халықаралық Олимпиада комитеті басшылықтың барлық мүшелеріне ХОК турнирлеріне, соның ішінде Олимпиадаға қатысуға уақытша тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл Беларусь Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы, президент Александр Лукашенкоға, вице-президент Виктор Лукашенкоға және комитеттің атқарушы мүшесі ретінде Дмитрий Басковқа қатысты қабылданған шара», - деді Томас Бах.
Ұйым өкілдерінің пікірінше, Беларусьтің қазіргі басшылығы спортшыларды саяси дискриминациядан қорғамайды.
Бұл шаралар 2021 жылғы ақпанға белгіленген жаңа ұлттық атқарушы комитетін сайлайтын бас жиын өткізілгенге дейін қолданылады.
Қабылданған шешімге сәйкес, ХОК болашақ халықаралық деңгейдегі іс-шараларын өткізу туралы Беларусь Ұлттық олимпиада комитетімен кез келген талқылауды тоқтата тұрады. Сондай-ақ, Беларусь спортшыларын Токиодағы Олимпиада ойындарына және Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындарына дайындаумен және оларға қатысумен байланысты төлемдерді қоспағанда, Беларусь Ұлттық олимпиада комитетінің барлық қаржылық төлемдерін тоқтата тұру көзделеді.
ХОК тиісті халықаралық федерациялардан жарысқа жіберілген барлық Беларусь спортшылары алдағы олимпиада ойындарына қатысты біліктілік жарыстарына ешқандай саяси кемсітусіз қатыса алатынына көз жеткізгісі келеді. ХОК сонымен қатар, олимпиадалық қозғалыстың барлық қатысушыларынан беларусьтік спортшылардың құқықтары мен олимпиадалық қозғалыстың беделін қорғау үшін осы шараларды сақтауды сұрайды.
Беларусь ҰОК (Ұлттық олимпиада комитеті) басшысы Александр Лукашенко екенін еске саламыз, ал бірінші вице-президент — Виктор Лукашенко. ҰОК атқарушы комитетіне он адам кіреді.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан