Бұрынғы спортшы – бүгінгі саясаткер
Бүгінгі тақырыбымыз – жас күнінде спортпен кәсіби түде шұғылданған билік басындағы саясаткерлер жайлы

Бұған дейін Қазақстан билігінде жүрген ағалы-інілі бауырлар туралы «Ағасы бардың жағасы бар» деген сериялы материал жариялағанбыз. Бүгін жас күнінде спортпен кәсіби түрде шұғылданған, қазір лауазымды қызметте жүрген атқамінерлер туралы сөз қозғамақпыз.
Әңгімеміздің әлқиссасын қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастайық. Тоқаевтың мамырдағы БҚО-ға сапарында Орал қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжі студенттерімен үстел теннисін ойнаған видеосы кеңінен тарады. Ал, сол оқиғаның алдында Президенттің мектепте бірген оқыған сыныптасы Андрей Антоненко Тоқаевтың оқушы кезінде үстел теннисінен КСРО-ның спорт шеберлігіне кандидат дәрежесіне қол жеткізгенін айтқан еді.
1970 жыл, Президент сыныптастарымен
«Ол табиғатынан спортқа жақын болды. Волейбол, баскетбол сияқты командалық спортпен айналысты. Кейіннен үстел теннисімен белсенді түрде айналыса бастады», - деп еске алады Андрей Антоненко.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың да бокстан спорт шеберлігіне кандидат екенін жиі айтылады. Ол туралы ашық дереккөздерде анық жазылған. Сондай-ақ Қ.Көшербаев Қазақстан велоспорт федерациясының құрметті президенті.
Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың 1999-2009 жылдары ҚР велоспорт федерациясын басқарғаны бекер емес. Оның велоспорттан спорт шебері деген дәрежесі бар. Сондай-ақ Қазақстан велоспорт федерациясының құрметті президенті. 2018 жылдан бастап ҚР жеңіл атлетика федерациясын басқарады.
Амандық Баталов – 2001 жылдан бері Алматы қаласы мен Алматы облысы волейбол федерациясын басқарады. Ол да бекер емес, себебі Амандық Баталов волейболдан спорт шебері. Жалпы, Алматы облысының әкімі А.Баталовтың жасы 22 қараша күні 67-ге келеді, бірақ, облыс басшысы әлі күнге дейін жиі-жиі волейбол ойнап тұрады.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та боксшы болған екен. Тіпті, бокстан КСРО спорт шебері, АІВА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі болған атақты Серік Әбденалиевтен тәлім алған. Додаларда топ жармаса да, бокспен кәсіби түрде шұғылданып, спорт шеберлігіне кандидат деген дәрежеге қол жеткізген.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 2018 жылдан бері Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының төрағасы. Министр әскери спортты насихаттау үшін барымды саламын деді. Ал, Қорғаныс министрлігіндегілер Н.Ермекбаевтың осыдан 30 жыл бұрын қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлігіне кандидат деген нормативті орындағанын айтты.
Ақмола облысында әкім болған, Бас прокурор болған, бүгінгі Сенат депутаты Қайрат Қожамжаровтың еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат деген атағы бар екен.
2011-2016 жылдары Қазақстанның Бас прокуроры болған, қазіргі ҚР Конституциялық Кеңес мүшесі Асхат Дауылбаев грек-рим күресімен кәсіби түрде шұғылданған екен. Оның классикалық күрестен КСРО-ның спорт шебері деген дәрежесі бар.
2007-2012 жылдары Үкімет басшысының кеңесшісі болған, Тіл комитетін басқарған, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болған, қазіргі ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Мақсат Ысқақовтың спортшы екенін түр-тұлғасынан білуге болады. Мақсат Ысқақов – оратор әрі нағыз балуан. Қазақстан қарулы күштері арасында өткен жарыста самбодан абсолютті чемпион болған. Сондай-ақ самбо мен дзюдодан халықаралық санаттағы спорт шебері.
Бұл бағыттағы шолуымыз алда жалғасын табады.
Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан