Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады
Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады деп күтілуде
Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 15.00-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының төрағалығымен видеоконференция форматында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Саммит барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұйымның биылғы жұмысындағы басым бағыттардың жүзеге асырылуын қорытындылайды және алдағы кезеңге арналған жоспарын айқындайды.
Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы әріптестеріне Ұйымның жұмысы жөніндегі өзекті мәселелер бойынша еліміздің ұстанымын жеткізіп, оны әрі қарай дамыту үшін бірқатар ұсыныс айтады деп жоспарлануда», - деп жазды ол.
Жиын қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ның тиімділігін одан ары арттыруға бағытталған бірқатар құжат қабылдануы мүмкін.