ШұғылБір аптада коронавирустан 73 қазақстандық қайтыс болды

Министрліктің өңірлердегі экологияны жақсарту шараларын әзірлеуіне 25 мың азамат көмектесті

Парламентте Экологиялық кодекс қарауда жатыр

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министр Мағзұм Мырзағалиев сейсенбі күні Үкімет отырысында республиканың эко-белсенділерімен бірлесіп әзірленген өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі жол карталарын таныстырды. Экология министрлігінің басшысы қоршаған ортаны жақсарту бойынша маңызды шараларды қарастыратын Экологиялық кодекстің жобасы Мәжіліспен мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілгенін еске салды.

«Жаңа экологиялық кодекстің қабылдануын күтпей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сүйене отырып, экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе барлық өңірлердегі экобелсенділермен шешу жолдары қаралды. Барлығы он жеті онлайн кездесу өткізілді. Оларға жиырма бес мыңға жуық адам қатысты», - деді министр.

Жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлескен жұмыс нәтижесінде өңірлердің экологиясын жақсарту жөніндегі нақты шараларды көздейтін он жеті жол картасы әзірленген. Мәселен, Қарағанды облысының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған Жол картасында елу жеті іс-шара қарастырылған. Олардың арасында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында қазандық және газ тазалау жабдығын қайта жаңарту, әк күйдіру цехын Теміртау қаласынан тыс шығару және Жезқазған қаласында «Қазақмыс» кәсіпорнының жаңа күкірт қышқылы цехын салуды айтуға болады.

Бұл шаралар қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Теміртау қаласында өндірістік ағынды суларды тазарту торабын және Балқаш пен Жезқазғанда жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу, «АрселорМиттал Теміртау» қалдықтарын кәдеге жарату, Жезқазғанда биоэлектростанция салу және «Дарьял-У» жерлерін қалпына келтіру жоспарланған.

Алматы қаласы бойынша Жол картасында жиырма іс-шара қарастырылған. Олардың ішінде: ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке сектор аудандарын газдандыру, коммуналдық қызметтер мен қоғамдық көліктің автокөлігін сығылған табиғи газға ауыстыру, дизель отынымен қоғамдық көлікке кезең-кезеңімен тыйым салу, көгалдандыру және т.б. бар.

Ақтөбе облысының жол картасында отыз үш іс-шара қарастырылған.

Өңірлік эко-белсенділер ұсыныстарын білдірген барлық талқылаулар Экология министрлігі басшысының қатысуымен өтті.