Қырғызстанда президент сайлауына үміткерлерді тіркеу аяқталды
Сайлауға қатысуға 63 адам өтініш берген
Қырғызстанда Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлердің тізімін жариялады. Мемлекет басшысы болуға 63 адам кандидат ретінде тіркелген. Тағы екі кандидат өз өтінішін кері қайтарып алған.
Алдағы сайлауға қатысуға толыққанды мүмкіндік алу үшін кандидаттар 3 желтоқсанға дейін өздерін қолдайтын 30 мың азаматтың қолын жинап, сайлау кепіліне бір миллион сомнан өткізуі тиіс. Қырғыз президенті болуға лайықты санаған 63 кандидаттың 62-сі өзін ұсынғандар. Тек С.Турдумалиев қана «Улутман» партиясының атынан бәсекеге түспек.
63 кандидаттың арасында 8 әйел мен 55 ер адам бар. Президент болуға құжат өткізгендердің арасында жұмыссыз кандидаттар да көп. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері, бұрынғы және қазіргі шенеуніктер, зейнектерлер мен еңбек өтілі мүлдем белгісіз адамдар бар.
Кандидаттар 35 пен 66 жас аралығында. ОСК тіркелген кандидаттардың ішінде саяси салмағы басым «Бүтін Қырғызстан» партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров, жуырда ғана премьер-министр мен уақытша президент атанып, екі күн бұрын бұл қызметтерден бас тартқан Садыр Жапаров, Ішкі істер вице-министрі болған Курсан Асанов сынды тұлғалар мен Жогорку Кенештің депутаттары да бар.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы