Қырғыз билігіндегі дедлайн – 61 жас
16 қараша күні Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков 61 жасқа толды
Қырғыз жұрты тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері бұл елді төрт президент басқарыпты. Мемлекет билігі бесінші президенттің яғни Сооронбай Жээнбековтың қолында. Негізі Роза Отынбаева (2010 ж 3 шілде. – 2011ж. 1 желтоқсан) өтпелі кезең президенті. Есепке көп алына бермейді. Есесіне, Роза Отынбаева Орта Азия елдерінің арасында ел басқарған тұңғыш әйел деген атпен тарихта қалды. Алғашқы екі президент Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев елде болған түрлі-түсті төңкерістің кесірінен биліктен кетті.
Ал Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарған Алмазбек Атамбаев қазір Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында. Оған «Аты-шулы қылмыскер Әзиз Батукаевты заңсыз босатуға араласты», «Бішкек жылу электр станциясын жаңарту кезінде және оған көмір жеткізу кезінде жемқорлыққа қатысты» деген айыптар тағылып отыр.
Жалпы, Қырғызстан билігінде болған президенттерге тән ұқсастық бар. Ақаев 2005 жылы биліктен кеткенде 61 жаста болған (1944 жылы туған), Бакиев те 2010 жылы 61 жасында биліктен кетті (1949 жылы туған). Құрманбек Бакиев Қырғыстаннан аластатылғаннан кейін уақытша президент қызметін атқарған қырғыз саясаткері Роза Отынбаева да 2011 жылы 61 жасқа дейін отырған. Экс-президент Алмазбек Атамбаев та 2017 жылы 61 жасында президенттік өкілеттігін тоқтатты.
Бұдан бөлек, Асқар Ақаевтың да, Құрманбек Бакиевтың да, Алмазбек Атамбаевтың да мұрагер таңдауда қателескендіктері жайлы бір-бірін айна-қатесіз қайталайтын өкініштері бар.
«Құрманбек Бакиевты үкімет басшысы ретінде билікке тартуым - менің үлкен қателігім. 2005 және 2010 жылдары елде болған дүрбелеңдер соның көрінісі», - деді 1990-2005 жылдары Қырғызстан президенті болған Асқар Ақаев.
«Өмірде ең үлкен жасаған қателігім - Алмазбек Атамбаевты жұмысқа алғаным», - деді 2005-2010 жылдары ел билігінде болған Қ.Бакиев.
«Мені соңғы бір жылда толғандырып жүрген нәрсе ол – Сооронбай Жээнбековты қолдап, билікке әкелуім. Бұл қателік еді», - деді Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарған Алмазбек Атамбаев.
2017 жылғы президент сайлауында жергілікті халық Сооронбай Жээнбековтың кандидатурасын қолдаған. Оған Атамбаевтың өзі де қолдау білдіріп, экс-басшының саясатын жаңа президент жалғастырады деп сенген.
Қазіргі Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков 2018 жылы «РИА Новости» агенттігіне берген сұқбатында 2023 жылы президенттік өкілеттігі аяқталғаннан кейін билікте қалу жоспары жоқ екенін айтқан еді. Егер С.Жээнбеков 2023 жылға дейін билік басында отырып (65 жаста болады), келесі президент туралы «өкінішті» пікір білдірмесе, осыған дейін қалыптасқан «дәстүрді» бұзуы мүмкін.
Жандос Мейірбекұлы, Нұр-Сұлтан