«Құрметті бандиттер, заң бойынша өмір сүріңдер»: Қырғызстан МҰҚК төрағасы елдегі қылмыс әлемінің серкелеріне сес көрсетті
Елдегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы бандиттерге қатаң талап қойды
Қырғызстан МҰҚК төрағасы Камчыбек Ташиев, елдегі қылмыс әлемінің серкелеріне сес көрсетіп, қатаң талап қойды, хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Төрағаның талабы – бандиттердің ешқайсысы екі-үш «Лексус» мінбеуі тиіс. Жергілікті 24.kg ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарақшылықпен күресті жалғастыра береді.
«Бұдан былай ешкім ешкімге қорған болмайды. Құрметі бизнес өкілдері, көтеріліңіздер, өтінеміз, бізге ақпарат беріңіздер. Егер кімде-кім бір жерде біреуді қорғайтын болса немесе қысым көрсететін болса, біз олардың қызметіне қарамастан, бәрін жазалаймыз», - деді Камчыбек Ташиев.
Сондай-ақ, ол қылмыс әлемінің жетекшісі, Камчи Кольбаевтың да атын атап, оған ескерту жасады.
«Құрметті бандиттер, сіздерге өте аз уақыт беріледі. Сіздер заң бойынша өмір сүресіздер немесе камераға отырасыздар, болмаса мемлекетімізден көшіп кетіңіздер. Енді елде қарашылық пен жемқорлық болмайды», - деді МҰКК төрағасы.
52 жастағы Камчыбек Ташиев – жаңа лауазымға Қырғыз Республикасындағы революциядан соң келген адам. Премьер министр Садыр Жапаров оны осыдан үш күн бұрын ғана МҰҚК төрағасы қылып бекітті. Сайлаудың әділетсіздігі мен президенттің отставкаға кетуін талап еткен он күндік митинг кезінде де Ташиев үнемі С. Жапаровтың қасынан табылып, бірге жүрді.
Ал «Коля-Киргиз» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Кольбаев 2000 жылы бірнеше адамды өлтіріп, қастандық жасағаны үшін 25 жылға сотталған. Ол 6 жылдан соң түрмеден қашып кеткенімен, 2011 жылы Әбу-Даби қаласында қарақшылық жасап, қолға түскен. 2013 жылдың 18 қазанында Бішкек соты Камчи Кольбаевты 5,6 жылға соттағанымен, ол сол жылы «ақталып» шықты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы