ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

«Атамбаев та, Жээнбеков те кедейлікті жеңе алмады»: қырғыз экономисі елдегі ауыр дағдарыс пен революция жайында

Сарапшылар халықтың тең жартысы кедейлікте өмір сүріп жатыр дейді

Фотолардың авторы: Әсет Құндақбаев

Пандемиядан онсыз да әлсіреген қырғыз экономикасын революция тұралатып, өндіріс пен сауданы тоқтатты. Елдің тең жартысына жуығы кедейшілік деңгейінде күнкөріп келеді. Карантин мен саяси ахуалдың салдарынан қазынаға түсетін қаржы кеміп, бюджет тапшылығы 37,7 миллиард сомды құрайды деп болжанып отыр. Бұл – ел бюджетінің төрттен бір бөлігі. Экономистер кіріс кеміп, шығын еселеп артып жатқандықтан, мемлекет жалақы, зейнетақы, өзге де төлемдері шетелден несие алу арқылы жабуға мәжбүр дейді жергілікті экономистер.

Azattyq Rýhy тілшісі қырғыз сарапшыларымен сұхбаттасқан болатын. Олардың болжауынша, егер билікке әділ әрі іскер азаматтар келсе, Қырғызстанның экономикасы кем дегенде 2 жылда қалыпты жағдайға көшеді екен.

«Бұрынғы режимнің тиімсіз басқаруынан қырғыз экономикасы пандемияға дейін де әлсіз еді. Толассыз митингілерден соң экономика секторы толық тоқтады десек те болады. Бізде базар саудасы, ауыл шаруашылығы, туризм мен қызмет көрсету және жеңіл өнеркісіп салалары бюджетке кіріс әкеліп тұрды. Өндіріс тоқтаған соң экспорт та азайды. Бізде мұнай кеніші немесе халықаралық деңгейдегі ірі өндіріс орындары жоқ. Шағын және орта бизнеске үміт артып келсек, ол сала тоқырау үстінде. Шығын көлемі орасан. Біз 2019 жылғы экономикалық көрсеткішке 2-3 жылдан кейін ғана жете аламыз, оның өзіне билік бәрін жүйелеп, дұрыс реттесе ғана жетеміз», - дейді экономист Мақсат Чакиев.

БЮДЖЕТКЕ КІРІС ӘКЕЛЕТІН САЛАНЫҢ БӘРІ ТОҚЫРАДЫ...

Жыл басында 2020 жылға арналған республикалық бюджет кірісі мемлекеттік инвестициялық гранттарды ескергенде, 132,8 млрд сом көлемінде бекітілген еді. Ал шығын көлемі 170,6 млрд сом деп саналған. Алайда, 9 айға жалғасқан пандемия мен Бішкектегі соңғы төңкеріс жыл басында бектіліген бұл жоспарды «тас-талқан» еткен. Бюджеттің тапшылығы жыл соңына дейін 37 миллиард сомнан асады деп болжайды экономистер.


Суретте: Мақсат Чакиев

Қырғызстанда кірістің негізгі көздерінің бірі – туризм. Ыстықкөл, Көшпенділер ойыны, шаңғы курорты сынды демалыс орындары мен ұйымдастырылған шаралардан мемлекет қазынасына жыл сайын 600 млн доллар табыс түсетін. Шағын мемлекет болғанымен, елге жылына 5 млн шетелдік турист тоқтайды екен.

«Туризмнен түсетін 600 млн доллар біздің мемлекеттің бюджеті үшін әжептәуір түсім. Осы жолы ішкі туризмге үміт артып, жоғарыдағы соманың тым болмағанда, 10-20 пайызы бюджетке түссе деген еді, ол үміт те ақталмады.

Биыл зейнетақы, өтемақы, жалақы, сынды өзге де әлеуметтік төлемдерді мемлекет сырттан алған несие арқылы беріп келеді. Пандемия және мына саяси жағдайдың кесірінен мемлекет ішкі төлемдерді жабуға қауқарсыз. Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қорынан 600 млн доллар тағы алдық. Венгрия несие берді. Қазір Қытайдан тағы да несие алу қарастырылып жатыр.

Бюджеттің азаюы, төлем жасауға қабілетсіздік те саяси жағдайдың ушығуына әсер етті. Алдыңғы биліктегілер сияқты А. Атамбаевтың да, қазіргі С. Жээнбековтің жүйесі де жоқшылықты жеңе алмады. Бізде сырттан алған қарыз тиімсіз жұмсалып қана кеткен жоқ, ұрланды деп те күдіктенеміз. Жаңағы сырттан алған 600 млн доллардың есебін оппозиция сұрағанда, билік бір тиын туралы да есеп бере алмады. Жемқорлық революцияның тууына осылай әсер етті», - деді М. Чакиев.

ЕЛДЕГІ БАСТЫ ПРОБЛЕМА КЕДЕЙЛІК

Ғасыр басында қырғыздардың тең жартысы кедейшілікте өмір сүрсе, арада 20 жыл өткенімен, статистика айтарлықтай өзгермеген. ЖІӨ төмен, жан басына шаққандағы кіріс жылына бір мың долларға да жетпейді. Бішкек тұрғындарының айлық табысы шамамен 17-18 мың сом – 200 доллардан сәл ғана асады. Өзге өңірлердегі жұрттың жалақысы немесе табысы 10-12 мың сомның айналасында.

Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін экономист Қубан Шороевтың айтуынша, елде билік бірнеше рет ауысса да, ешбірі кедейлікті жеңе алмаған. Тіпті, деңгейін де төмендете алмапты.

«Тәуелсіздік алғалы біз ұлттық үш революцияны бастан өткердік. Оның бәрі де мемлекеттің экономикасына сөзсіз кері әсер етті. Пандемияның кесірінен кеміген кіріске енді мына төңкеріс қосылып, табыс тағы азайды. Біздегі ең үлкен проблема – кедейлік. Тәуелсіздік алғалы 28 жылдың ішінде билік кедейлікпен күресе алмады. Екі мыңыншы жылары кедейшіліктің деңгейі 50% көрсетті. Дүниежүзілік банктің көрсеткіші бойынша қырғыз халқының тең жартысынан астамының күнкөрісі төмен болды. 2005 жылы болған революция кезінде кедейлік 40% шамасында еді. Қазір халықтың әлі 30%-ы кедей, тағы 20%-ы жоқшылықта өмір сүреді.


Суретте: Қубан Шороев

Енді осыдан 15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, әлеуметтік-экономикалық жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ. Десе де, ол кезде төңкеріс тұрмыстық жағдаймен байланысса, қазіргі митингілер әділетсіздікке, кландық басқаруға қарсы бағытталған», - деп санайды Қубан Шороев.

САЙЛАУДА ДАУЫСТАР САТЫЛДЫ...

Елдегі жастар ескі дәстүрмен өмір сүргісі келмейді, олар мүлдем басқа парадигмада ойлайды. Алайда, ескі үрдісті тастамаған биліктік партиялар ашық манипуляцияға көшіп, сайлаушылардың дауысын сатып алған дейді бізбен сұхбаттасқан сарапшылар.

«Биыл сайлаушыларға пара берудің жоғары деңгейі тіркелді. Халықтың 30%-ы кедейлікте, тағы 20%-ы жоқшылықта өмір сүретінін ескерсек, мұндай ортада манипуляция жасау оңай. Партиялық билік сайлау участкелеріне өздеріне сенімді, әрі туыстарының, таныстарының дауысын сатуға бейім адамдарды қойды. Бізде халықтың 5% ғана белсенді, олар қоғамдық ой туырады, қалыптастырады, прогреске ұмтылады. Міне, осылар болып жатқан жағдаймен келіспеді, бас шұлғып үнсіз қалмады. Туындаған жағдайдың басталуына солардың үндеуі де себеп болды», - деді экономист.

Қырғызстанда нарықтың барлық саласын көлеңкелі бизнес жайлаған және оның көрсеткіші үнемі жоғары деп есептеледі. Цифрландыруға көше бастағандықтан, көлеңкелі экономика көрсеткіші сәл ғана төмендеген деп санайды сарапшылар.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ҚЫРҒЫЗ ГАСТАРБАЙТЕРЛЕРІНІҢ САНЫН КӨБЕЙТТІ, ПАЙДА ӘКЕЛГЕН ЖОҚ...

6 миллионға жетер-жетпес халықтың 1 миллионы шетелге жалданып кеткен. Сыртқа кетуге мәжбүр болған бұл адамдар елдегі белсенді жұмыс күші саналады. Экономистер Үкіметтің дағдарыстан шығарар жолды таппауы өз алдына, әлеуметтік теңсіздікті де тоқтата алмағанын айтады. Тіпті, елдің Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі де Қырғыз экономикасын құтқара алмаған.

«Беларусь, Ресей, Қазақстан сынды елдердегі ірі өндіріс орындарымен бәсекеге түсуге Қырғызстан дайын болмады. Елдегі өнімдердің өзіндік ерекшелігі болғанымен, Одақ нарығына шығарудағы бәсекелестік төмен. Сондықтан ел экономикасына ЕАЭО айтарлықтай серпін әкелмеді. Тек 1 миллиондай қырғыздың Одақ елдеріне жұмысқа кетуіне мүмкіндік берді. Жалданып жұмыс істеуге кеткендердің көбі жастар, экономикадағы белсенді топқа жатады. Мәселен, Ресейде 700 мыңнан астам қырғыз жүр, Қазақстанда да аз емес. Одаққа мүше болу осы жерлестеріміздің заңды жұмыс жасауына ғана көмек болды», - дейді экономист Қ. Шороев.

Қазына кеміп, халыққа төлем жасау қиындағанына қарамастан, лауазымға таласқан топтардың текетіресі елде әлі жалғасып жатыр.

«Қазір біздегі басты мәселе мемлекетті сақтап қалу. Ол үшін легитимді билікті орнатуымыз керек. Екінші, сайлауды қайта өткізіп, Парламентке де легитимді депутаттарды шығару қажет. Осыдан соң Жогорку Кенеш антикризиске қарсы бағдарлама дайындап, экономикалық, әлеуметтік және саяси жоспарды бекітуі қажет. Осыдан соң ғана Қырғыз Республикасы тереңге кеткен саяси ахуалдан, дағдарыстан шыға алады деуге болады. Саяси жүйені тұрақтандыруға екі ай жеткілікті болса, экономиканы көтеруге 3 жыл кетеді. Алайда, қазір жеке бастың жетістікке жетуін елдік мүддеден жоғары қойған реваншистердің таласы жалғасып жатыр. Оның қашан бітетінін білмеймін», - деді тәуелсіз сарапшы М. Чакиев.

Айта кетейік, күні кеше Қырғызстан премьер-министрі болып Садыр Жапаров тағайындалды. Елде парламенттік сайлау қайта өтеді деп жоспарлануда.

Әмірболат Құсайынұлы, Бішкек