Тоқаевтың өкімімен Пішембаев қызметінен босатылды

Президент жолдауында министрліктерде жауапты хатшылар болмайтынын айтқан

Тоқаевтың өкімімен Пішембаев қызметінен босатылды
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының өкімімен Мереке Құдайбергенұлы Пішембаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылып, Үкімет қаулысымен ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды. 

Естеріңізге сала кетейік, Президент жолдауында министрліктерде жауапты хатшы қызметін қысқартуды тапсырған еді. Олардың міндеті министрліктердегі аппарат жетекшілеріне ауыстырылады.

«Жауапты хатшылар институтына тоқталғым келеді. Осы институтты енгізген кезде олардың ауыспалы болмауы министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босатады, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп жоспарланған. Іс жүзінде олай болмады. Онымен қоса министрлер мен жауапты хатшылар арасында түсіністіктің болмауы жиі кездеседі. Нәтижесінде ортақ іске нұқсан келтіріледі. Сұраныс бір адамнан, Президент тағайындайтын министрден болуы тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын қысқарту керек. Олардың міндетін министрліктердің аппарат басшыларына жүктеу қажет», – деді Тоқаев.

Жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін Президент мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға жыл соңына дейін түзетулер пакетін қабылдауды тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.