Қырғызстандағы көтеріліс: «Бәріне ішкі сепаратизм мен көппартиялы қоғам кінәлі»
Қазақстандық сарапшылар көрші елдегі жағдайға байланысты болжамын айтты

Парламент сайлауының нәтижелерімен келіспеген саяси топтар қырғыз халқын ақыры көшеге алып шықты. Жағдайдың осылай өрбитінін білсе де, әрекетсіз отырған Сооронбай Жээнбековтің билігі 2005 жылғы қателікті қайталады дейді отандық сарапшылар.
Azattyq Rýhy тілшісі қазақстандық саясаттанушылармен сұхбаттасып, көрші елдегі ахуалға байланысты ойларын білді. Олардың пікірінше, өткен он бес жылда елде охлократия, яғни қара бұқараның билігі үстемдік етіп келген. Билік жауапсыз популистердің, демагогтардың қолына шоғырланғанда, бас-аяғы жоқ әрекеттер көрініс табады.
ЖЭЭНБЕКОВ ПРЕЗИДЕНТ РЕТІНДЕ ӨТЕ ӘЛСІЗ ЕДІ
Қара халықтың деструктивті әрекеттеріне бойын үйреткен қырғыз жұрты тағы да дүрлікті. Билікке ультиматум қойып, оның орындалуын күтпестен, тәртіпсіздікке бару – диверсияның бір түрі. Қазақстандық саясаттанушы, Ауғанстан, Орталық Азия және Кавказ мәселелері бойынша сарапшы Александр Князев Қырғызстанның мемлекет болып қалыптасуына үлкен күмәнім бар дегенді айтады. Бұл мемлекет дәл қазір ең үлкен сын-қатердің алдында тұр дейді ол.
«Қателік қайда дегенде, қырғыздың мемлекеттілігі туралы айтқым келіп отыр. Есте болса, 2005 жылы антиконституциялық төңкеріс болды. Қырғыздар оны «революция» деп атап жүр. Бірақ бұл толыққанды жүзеге аспаған революция болатын. Содан бастап олар билікке келгенді құлата беруге болады екен дегенді саналарына мықтап құйып алса керек. Бұл барып тұрған анархия», - дейді саясаттанушы.
Қазір олар уақытша үкімет құрып жатыр, мүмкін өзара қазіргі билікпен келіссөздер жүретін де шығар. Президент оңтүстікке ұшып кетті деп жатыр. Оңтүстік жақтан шыққандардың партиялары формальді түрде жеңіске жеткеннен соң басталған дүрбелең екенін Сооранбай Жээнбеков түсінеді. Бірақ әрекет етпеді дейді сарапшы.
«Қырғызстан – тайпалардың өзара қақтығысынан көз ашпайтын елге айналып үлгерді. Алда әрине, тағы біреуді сайлап алады. Бірақ ол да осындай оқиғамен аяқталатынына кепілдік беремін. Сооронбай Жээнбеков –өте әлсіз саясаткер. Тіпті Бакиевпен салыстырып қарағанда да, оның өте қауқарсыз басшы екені көрініп тұратын. Егер сен мемлекетті басқаруды қолға алған екенсің, елді басқар, ортақ тіл тап, аймақтар мен кландар арасында консенсусты қамтамасыз етуің керек. Оның әлсіздігі сол, бір тәулікке жетпестен ертоқымынан ауып түсті. Оның ықпалының төмендігі сондай, бірден бас сауғалап кетті», - дейді Князев.
Сарапшының пікрінше, қазір жағдайды сыртқы күштер бақылауға алады. Ресей, Қазақстан сияқты ойыншылар кімді жақтайды, соған да байланысты. Енді билікке келетін топ осы елдермен консультация жүргізеді. Олар да тараптар арасындағы келіссөздерге қатысатын болады.
БӘРІНЕ КІНӘЛІ ІШКІ СЕПАРАТИЗМ
Қазақстанға қырғыздардың басына түскен охлократияның қажеті жоқтығын тағы да ұғына түстік дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров. Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлемде геосаяси жағдай өте күрделі болып тұр, сондықтан Қазақстанға ең негізгісі – бірлік пен ынтымақ керек. Әрине қарап отырсақ, қырғыздар біздің жақынымыз. Бірақ ол елде толыққанды саяси процестер жүзеге аспады. Елдегі саяси процесс бір ұлттың ішіндегі сепаратизмге алып барды дейді Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
«Мұнда солтүстік пен оңтүстік мәселесі қиын болып тұр. Екі өңірге бөлінуі елдің тұтастығына үлкен сын болады. Бізде мысалы, басқаша. Заң үстемдік етіп отыр. Ал Қырғызстандағы үлкен қателік – бар заңға халық та, қоғам да, тіпті, билік те бағынып, дұрыс жұмыс істей алмауында. Қазір қай жерді алып қарасаң да, тұрақсыздық бар. Кавказ, Еуропа елдеріндегі тұрақсыздық. Енді осындай уақытта ұйысуымыз керек. Бірақ демократиялық процестерді ары қарай жүйелі түрде жүзеге асыра беру қажет. Саяси тұрақтылықты ұстап тұратын пікірлер плюрализмі мен демократиялық көріністер», - дейді Сайыров.
ҚЫРҒЫЗ ЖҰРТЫ ДЕМОКРАТИЯНЫ КӨШЕДЕГІ АЙҒАЙ-ШУ ДЕП ТҮСІНЕДІ
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы бұл жағдайды революция деп атауға толықтай болады дейді. Бұл – Қырғызстанның тарихында осымен үшінші рет болған төңкеріс. «Билік органдарына қарсы бұл көтерілістің көзге көрінер сипаттамасын айтсақ, формальды түрдегі сылтау – парламенттік сайлаудың нәтижесі деп жатырмыз. Кез келген мемлекетте, өтпелі кезеңде, демократиясы әлі қалыптасып үлгермеген елдерде, ішкі наразылығы көп елдерде сайлаулар тұрақсыздыққа әкеледі» дейді ол.
«Өкінішке қарай, наразылық тек сайлаулар нәтижесі ғана емес, ол көп жылдар бойы пісіп-жетілген өте күрделі ақуалдың көрінісі. Сөз болып отырған саяси дүрбелең әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өте нашар болуы, халықтың кедейленуі, көптеген азаматтардың сыртта жүруінің кесірі. Ал демократияны жалау еткен биліктегілердің дегеніне жете алмауы тағы бар. Пандемия жағдайында да Қырғызстанда күрделі кезең болды. Ашынған жұрт, әсіресе ауыл-аймақтағы қиындық осыған алып келді деп ойлаймын.
Кейбір азаматтар мұны демократияға теңейтін шығар. Мен олай демес едім. Мұндағы негізгі анықтауыш – анархия, биліктің жоқтығы, биліктің қауқарсыздығы. Мемлекетті құраушы күштердің түкке тұрмайтыны. Ал охлократия – тобырдың билігі, ол ұнамаса, билікті аударып тастап, саясатты өздігінше өзгертеді. Сол саясаттың мемлекет мүддесіне жұмыс істемеуі. Кешелі бері болып жатқан оқиғалар осыған дәлел», - дейді Р. Жұмалы.
Ол қазіргі жағдайды 2005 жылға ұқсайтынын айтты. Яғни, Асқар Ақаевты елден қуғанда да қырғыздар ғимараттарды талқандап, мародерлік жасаған болатын. Түрмеде отырған саясаткерлер шығарылды. Атап айтқанда, ол кезде Феликс Кулов бостандыққа шықса, қазір Алмазбек Атамбаев шықты.
«Неге демократия емес, охлократия деп отырмын. Себебі, 2005 жылдан бері 15 жылда ештеңе ілерілеген жоқ. Керісінше, құлдырады. Сол баяғы әлсіз қалпында, әлеуметтік-экономикалық, басқа да қажеттіліктер өтелген жоқ. Демократия бұл көшедегі айғай-шу, билікті аударып тастау ғана емес, ортақ мемлекеттік-қоғамдық мүдделерді ойлау еді. Оған енді Қырғызстандағы жағдай ұқсамай отыр. Өкінішке қарай, сол охлократияның көрінісі басым. Былайша айтқанда, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Бас-басына би болған деген осы жерге келіп тұр», - дейді Расул Жұмалы.
КӨППАРТИЯЛЫҚ ЕШҚАНДАЙ ЖАҚСЫЛЫҚ ӘКЕЛМЕДІ
Саясаттанушының пікірінше, Қырғызстандағы саяси партиялардың көптігі елге ешқандай жақсылық әкелген жоқ. Бұл елде 250-ге жуық саяси ұйым бар. Кішігірм мемлекетке осыншама саяси партияның қажеті шамалы, дейді. Осы саяси топтардың арасында біздің мемлекетігіміз керек емес, біз Ресейдің астында болуымыз керек дейтін күштер бар. Бұл өте қауіпті үрдіс, тәуелсіздіктен жетістікке жетпедік деп жүрген күштер мемлекетті бөліп алып билеуге мүдделі екенін айтады.
Сарапшының ойынша, Қырғызстандағы жағдайды болжау қиын. Жаңа билікке келгендер бұрынғыдан да қаныпезер, жемқор болып шықты. Бұған дейінгі 4 президент те халықтың көңілінен шықпады. Әрине, бәрі басқаша болады деп үміттенгің келеді. Біз сыртта отырсақ та, сол елдің тағдырына алаңдаймыз деп ойын түйіндеді саясаттанушы.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы