Бауыржан Байбек: Ұрпақ болашағы, мемлекет келешегі – мұғалімдер қолында
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, партияның ұстаздар мүддесін қорғап, әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу бағытында жүйелі жұмыс жасап жатқанын атап өтті.
«Қадірлі ұстаздар! Сіздерді «Nur Otan» партиясы және өз атымнан төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн ұстаз алдын көрген, тәлім-тәрбиесін алған барша азаматтың жүрегіне ерекше ыстық. Адамзат үшін ұстаз – дүниедегі ең аяулы да ардақты есімдердің бірі. Мемлекеттің идеологиясы, қоғам құндылықтары, ғылым мен өнердің асыл мұрасы ұстаздың тәлім-тәрбиесі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартып келеді», - деп жазды Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында.
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп ұлы Абайдың қанатты сөзін келтіре отырып, ұрпақ болашағы, мемлекет келешегі мұғалімдер қолында екенін атап өтті және жас ұрпақты азамат етіп тәрбиелеудегі ұстаздар үлесіне айрықша тоқталды.
«Қазір еліміздегі білім саласында жарты миллионнан астам адам еңбек етуде. Біздің партия мүшелерінің 30% – педагогтар. Партия ұстаздардың мүддесін қорғап, әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу бағытында жүйелі жұмыс жасап жатыр. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылданды. Бұл мұғалім мамандығына деген қызығушылықты арттыруға, әлеуметтік кепілдік жүйесін одан әрі жетілдіруге жағдай туғызды. Тәуелсіздік жылдары Елбасы басшылығымен 2 мыңға жуық жаңа мектеп салынды, соңғы бес жыл ішінде ғана партияның 2016-2020 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 3 мыңнан астам балабақша ашылып, бұл мектеп жасына дейінгі балаларды қамту көлемін 86%-дан 98,5%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», - деді Б. Байбек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен төрт жыл көлемінде педагогтардың жалақысы 2 есе көбейетін болды. Мұның барлығы Елбасы мен Президент саясаты сабақтастығының нәтижесі, ұстаз мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан шаралардың нақты көрсеткіші екені анық.
«Пандемия кезінде мектептердің бәрі қашықтан оқытуға көшкенде баланы тәрбиелеу мен оған білім беруде мұғалімнің маңызы қаншалықты зор екеніне баршаның көзі жетті. Осыған байланысты туындаған кейбір қиындықтарға қарамастан, ұстаздарымыз өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заман талабына сай міндеттерін абыроймен атқаруда. Сондықтан да біз шәкірттерінің санасына білім нәрін құйып жүрген ұстаздарымызды әрдайым мақтан тұтамыз», - деген Бауыржан Байбек ұстаздар зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.