Қостанай облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
Бақыт Есімова бұған дейін ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған
Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып Бақыт Есімова тағайындалды. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов жергілікті активке өзінің жаңа орынбасарын таныстырды.
Бақыт Амангелдіқызы Есімова 1984 жылы 29 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың ауылында дүниеге келген.
Санкт-Петербор мемлекеттік инженерлік-экономикалық университетін және Калифорния университетін (АҚШ) бітірген.
Бұған дейін ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған. Ол жақында ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымына ауысқан, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Марат Жүндібаевтың орнынан тағайындалып отыр.
Ішкі саясат, мемлекеттік тіл саясаты, этносаралық сала, білім беру мекемелері, бастауыш және орта кәсіптік білім беру оқу орындарында білім беру қызметтерін ұсыну, мәдениет, дін, демография, жастар саясаты, жетекшілік ететін бағыттар бойынша шекара маңы ынтымақтастығы мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Облыстық және республикалық бағдарламалардың орындалуын, әлеуметтік сала, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық комиссиялардың, кеңестердің жұмысын ұйымдастырады.