Асқар Мамин Түркия президентімен кездесті
Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында Президент Режеп Тайып Ердоғанмен және Вице-президент Фуат Октаймен келіссөздер өткізді. Сондай-ақ Қазақстан–Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына, екіжақты бизнес-форумның ашылуына және түрік бизнесінің капитандарымен кездесуге қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды түрде дамып жатыр, екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығарудың негізі салынды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Түркияны Қазақстанның маңызды әрі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады», — деді А. Мамин Анкара қаласында Р. Ердоғанмен кездесуде.
Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 4200-ден астам компания тіркелген. Олар энергетика, көлік, агроөнеркәсіп, машина жасау секторларында, инфрақұрылымдық құрылыста және басқа да салаларда қызмет көрсетеді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті. Бұл, 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 68% артық. Осы жылдың соңына қарай екіжақты сауда-саттық көлемі 3 млрд доллардан асады деп күлітуде. Қазіргі кезде түрік тарапымен бірлесіп пысықталып және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар пулы 6 млрд доллардан асады.