Қытай АҚШ-тан озып, IT- өнімдер отаны атанады
Сарапшылар Еуразияға төніп тұрған 10 қауіп-қатерді атады
Дәстүрлі V «Астана Клубы» форумында сарапшылар Еуразия құрлығына 2020 жылы төнетін басты 10 сын-қатердің тізімін жарияланды. Оны жасауға әлемдік деңгейде беделі бар 40 маман мен саясаткер қатысқан. Бұдан бөлек, 70 елде 1100–ден аса кәсіби респонденттер сауалнамаға тартылыпты.
АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейінгі ахуал
АҚШ президенті Дональд Трамп 2020 жылы өтетін сайлану кампаниясына дайындықты бастап кетті. Алайда қарсыластары оны импичмент, яғни тақтан тайдыру процесімен қорқытып жүр. Әлемдегі жетекші державада орнаған түсініксіз саяси ахуал Еуразияға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Дамушы елдердерді құлдырау
Кезекті экономикалық дағдарысқа дамушы елдердегі экономикалық проблемалар себеп болуы ықтимал. Дамушы елдер нарығынан капиталдың сыртқа жылыстауы салдарынан валюта бағамы құлдырап, компаниялар қарызға батуы мүмкін. Осының әсерінен жаһандық дағдарыстың болуы болжанады.
АҚШ пен Қытай арасының ушығуы
АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшею қаупі былтыр рейтингтің алдыңғы қатарынан көрінген. Мәселе 2020 жылы да өзектілігін жойған жоқ. Вашингтон мен Бейжің шиеленісін толыққанды стратегиялық қарсылық деп атауға болады.
Жаһандық қарулану «жарысының» жаңа кезеңі
2019 жылы «Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімінің» күшін жойғанына куә болдық. Енді 2020-да державалар стратегиялық қару саласындағы «ойын ережелерінің» жаппай бұзып, қарулануды жеделдетеді.
Технологиялық үстемдікке таластың үдеуі
Уақыт өткен сайын технологиялық кеңістіктің геосаяси сегменті айқындала түсуде. Huawei және ZTE компанияларының жылдам дамуы IT-өнімдердің Отаны енді Америка емес, Қытай болатынын көрсетіп отыр.
Иранға қарсы әскери соғы
Ядролық келісімді жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшылықтардың одан әрі ушығуына ұласуы мүмкін. Иранның геосаяси қарсыластарымен текетіресі киберкеңістікке кең таралса, Таяу Шығыстағы бүкіл қауіпсіздік жүйесіне қысым болады.
Корей түбегіндегі ядролық дағдарыс
Солтүстік Кореяның бейбіт келісімге келу және АҚШ-пен байланысын қалыпқа келтірудегі қадамдары баяу жүріп жатыр. Тараптар арасындағы келіспеушіліктер үдеген сайын келісімдердің құрдымға кету қаупі күшейеді. Жағдайдың ушығуына 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауынан кейінгі ахуал ықпал етуі мүмкін.
Терроризмнің жаңа сипаты
ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан, террористік топтар дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әрекет ету ауқымын кеңейте түсуде. Жалғыз өзі күрес ашатындар да көбейіп жатыр. Бұдан бөлек, «ақ терроризм» атты лаңкестіктің жаңа түрі байқалуда. Мұсылмандар мен мигранттар осы әрекеттердің жазықсыз құрбанына айнала бермек.
Агрессивті ұлтшылдық пен популизм кесірі
Популизмді сайлау процесіне араластыру және саясаткерлердің күрделі мәселелерді оңай шешуге деген ниеті әлеуметтік қақтығыстарды күшейтеді. Сондай-ақ этникалық және діни араздық қаупін туғызады.
Климаттың өзгеруіне қарсы тұру қиындайды
Ірі державалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтату қаупін тудырады. Ал бұл басқа мемлекеттердің ұлттық мүддені «желеу еткен» өзімшілдік саясатын жүргізуін жеңілдетеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан