Тоқаев БҰҰ бас ассамблеясының жалпы саяси дебатында сөз сөйлейді
Пікірсайыс 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 19.45-те бейнеконференция форматында өтеді
Қазақстан Президенті БҰҰ бас ассамблеясының 75-ші сессиясында жалпы саяси пікірсайыста сөз сөйлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүниежүзілік ұйымның мерейтойлық іс-шарасына қатысуының басты оқиғасы оның БҰҰ-ның 75-ші бас ассамблеясының жалпы саяси пікірталастарында сөйлеген сөзі болады. Мемлекет басшысының сөз сөйлеуі 23 қыркүйекке жоспарланған, Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 19.45-тен кейін бейнеконференция форматында», - деп жазды Уәли.
Оның айтуынша, Президент сөйлеген сөзінде қазіргі әлемнің өзекті мәселелері мен сын-қатерлерін, оның ішінде коронавирус пандемиясымен, жаһандық экономикалық өсуді қалпына келтірумен, терроризмге қарсы іс-қимылмен, ядролық қарусызданумен және климаттың өзгеруімен байланысты проблемаларды шешудің тәсілдері баяндалатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның халықаралық ынтымақтастық пен сенімді нығайту ісіндегі рөлін күшейтуге назар аударады.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібін, Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны іске асыру, сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамытуға бейілділік мәселелеріне назар аударады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ішкі саясаты мәселелеріне, атап айтқанда, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға тоқталады.
Қазақстан Президенті сондай-ақ бірқатар халықаралық бастамаларды ортаға салады, олардың бірі бүкіл әлем бойынша еріктілердің еңбегін мойындауға бағытталады.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің тікелей көрсетілімін БҰҰ сайтында және Facebook-тегі парақшадан көруге болады.