Nur Otan праймеризінде 700 мың адам дауыс береді
Саяси науқанға еліміз бойынша 11 мың үміткер қатысуда
Nur Otan-ның партияішілік сайлауында онлайн-дауыс беруге қатысу үшін «Праймериз» ақпараттық жүйесіне 700 мыңға жуық партия мүшесі тіркелді, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Праймеризге 11 мыңға жуық үміткер қатысуда. Еліміз бойынша бір орынға орта есеппен, төрт адам үміткер болып отыр. Кандидаттардың 70%-ы өзін-өзі ұсынғандар, ал 1 мыңға жуығы – партияның жаңа мүшелері. 37%-ы – әйелдер, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас.
7 қыркүйектен бастап праймеризге қатысушылар 800 мыңнан астам адамды тікелей қамти отырып, 32 мыңнан аса үгіт-насихат іс-шарасын өткізді. 14 қыркүйектен бастап онлайн-форматта жария пікірсайыстар басталады. Онда қатысушылар нақты елдімекендердің түйінді мәселелерін шешу жөніндегі өз пайымдарын ортаға салды.
«Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі азаматтарды алаңдатқан мәселелерді бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Халықпен кеңінен талқылау мақсатында Nur Otan партиясы әрбір өңір, қала және аудан бойынша 216 сайлауалды бағдарламаның жобаларын жариялады. Оларды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді, сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып пысықтайды. Бірнеше күннің ішінде праймеризге қатысушылар 8 мыңнан аса талап-тілектер мен ұсыныс жинады», - делінген партияның баспасөз қызметі жариялаған бейнероликте.
Еске сала кетейік, Nur Otan праймеризінің басты мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.
Сондай-ақ, партия электрондық дауыс беруді ұйымдастыру үшін мобильді қосымша мен primaries.kz веб-порталының мүмкіндіктерін пайдалануды жоспарлап отыр. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін «бір дауыс, бір ЖСН, бір мобильді нөмір және бір IP-адрес» қағидаты бойынша растау (верификация) жүйесі қолданылды.
Кандидаттардың рейтингісі бар праймериздің қорытындысы 5 қазанда жарияланады.