Түркістанда праймеризге қатысушылар ашық аспан астында пікірсайысқа түсті
Түркістан облысы бойынша праймеризге 114 адам қатысып жатыр
Бүгін Nur Otan партиясының праймериз өткізу кестесіне сәйкес, Түркістан облысының аудан, қаласында жария пікірсайыс басталды. Түркістан қаласындағы дебат Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы амфитеатрда өтті. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейсен Тәжібаев саяси додаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ашық аспан астында өткен пікірсайысқа 6 үміткер қатысып, ой таластырды.
«Бір дәуірлерде ашық аспан астындағы амфитеатрлар күш сайысы өтетін орын болса, қазір көне шаһарда бұл орын ой сайыстыратын орталыққа айналды. Республика бойынша праймеризге қатысушылардың 1144-і Түркістан облысынан қатысып отыр. Соның ішінде Түркістан қаласынан 106 үміткер бақ сынауға бел байлапты. Мұндай дебаттан тартынбау керек. Ой түкпіріндегі жоспарларыңызды, бағдарламаларыңызды ашық айтып, жұртшылыққа таныстырған жөн. Сіздерді ашық бәсекеде пікірсайыс талабы мен ережесін сақтай отырып, жоғары деңгейде пікір таластырады деп сенемін. Елбасының бастамасын қолдап, Түркістанды дамыту бағытында еңбек сіңіреді деп есептеймін. Қасиетті Түркістан төрінде саяси қадамды бастап, адалдық пен адамдықты ту етіп шығатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Бейсен Дәулетұлы.
Ашық аспан астында еркін форматта өткен дебат қатысушыларға ерекше шабыт сыйлады. Олар көкейде жүрген ойларын айтып, бір-біріне сайлауалды бағдарламасы бойынша сұрақ қойды.
«Уәде беру – оңай. Оны орындау бар. Келешекте депутат болған тұлғалар да осы амфитеатрда, ел алдында есеп берсе», – дейді праймеризге қатысушылар.
Жалпы, Түркістан облысында 30 қыркүйекке дейін 200-дей жария пікірсайыс ұйымдастырылып, оған 1100-ден астам кандидат қатысуы тиіс. Үміткерлердің кәсіби құрамына келсек, бизнес өкілдері – 187 (16,3%), білім беру саласының өкілдері – 343 (29,9%), ҮЕҰ өкілдері – 16 (1,4%). Кандидаттардың орташа жасы – 42 жас. Бүгінде 16 аудан, қалада жария пікірсайыстар өткізіліп жатыр.