Алексей Навальныйдың беті бері қарап келеді – БАҚ

Автор: Azattyq Rýhy

Алайда, мамандар уланудың ұзақмерзімді салдары болатынын жоққа шығармайды

Фото: ria.ru

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жағдайы түзеліп келеді. Оны медициналық комадан шығарып, біртіндеп өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратқан. Бұл туралы euronews.com хабарлайды.

Берлиндегі Charite клиникасындағылардың айтуынша, Навальныйдың беті бері қарап, сұрақтарға жауап береді. Алайда, мамандар уланудың ұзақмерзімді салдары болатынын жоққа шығармайды.

Неміс мамандарының айтуынша, Алексей Навальныйдың ағзасынан «Новичок» уының ізі табылған. Ал ресейлік дәрігерлер Навальныйдың бұл жағдайға түсуі зат алмасудың бұзылуынан деп сендіргісі келеді.

Омбы облысы мен Сібір федералды округінің бас токсикологы Александр Сабаев науқас ауруханаға түскен кезде алғашқы сегіз сағатта үш тәуелсіз зертханада химиялық-токсикологиялық зерттеу жүргізілгенін, нәтижесінде науқастың қанынан да, зәрінен де токсиканттар, оның ішінде фосфорорганикалық қосылыстар сияқты у табылмағанын айтты.

Сондай-ақ ГФР министрлер кабинеті ресми Берлин Ресейдің одан арғы әрекетіне байланысты «Северный поток-2» газ құбырының құрылысына қатысты ұстанымын өзгерте алатынын хабарлайды. Министрліктер кабинетінің ресми өкілі Штеффен Зайбер Берлиннің әлі де Мәскеуден жауап күтіп отырғанын және Германия канцлері Ангела Меркель санкция салуды жоққа шығармайтынын мәлімдеді.

«Бұл процесс 3-4 күнде шешілмейді, одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Әзірге біз серіктестерімізбен Ресей тарапынан болған мәлімдемелерге қалай жауап беру керек екенін талқыламаймыз. Бұл үшін уақыт керек», - деді ол.

Германия канцлері Ангела Меркель Навальныйға қатысты Ресей президенті Владимир Путинмен әлі ештеңе талқылаған жоқ. Ал Кремль Ресей тарапының бұл туралы Германиямен жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 20 тамызда ресейлік оппозиционер Алексей Навальный жансақтау бөліміне түсті. Оның уланған болуы мүмкін екені айтылды.

21 тамызда Ресей дәрігерлері Навальныйдың жағдайына қатысты нақты диагнозды айтудан бас тартты.

25 тамызда неміс дәрігерлері Алексей Навальныйдың уланғанын мәлімдеді. Ал 3 қыркүйекте Алексей Навальныйдың ағзасынан «Новичок» уының ізі табылғанын хабарлады.