«Уланбаған»: Ресей дәрігерлері Навальныйдың нақты диагнозын айтудан бас тартты
Ресейлік оппозиционер 1 тәуліктен бері комада жатыр

Омск қаласындағы №1 аурухананың дәрігерлері оппозиционер Алексей Навальныйдың уланбағанын мәлімдеді. Дегенмен, оған қойылған нақты диагнозды олар журналистерге айтудан бас тартқан, деп жазады РБК.
Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Анатолий Калиниченко журналистермен болған брифингте Навальныйдың диагнозы тек әйелі мен ағасына ғана айтылғанын мәлімдеді.
«1 тәулік бойы жүргізілген тексеру мен емдеу шараларының нәтижесінде біз оның нақты диагнозын анықтадық. Алайда, мен оны сіздерге айта алмаймын, әйелі мен ағасына жеткіздік. Олар бізден ауызша түрде ақпарат алды», - деді Калиниченко.
Оның сөзінше, Навальныйдың ағзасынан у табылмаған. Сондықтан оппозиционерді уланды деп айтуға болмайды дейді дәрігер.
Еске салайық, Алексей Навальный 20 тамыз күні таңертең Томск – Мәскеу бағытындағы ұшақта өзін нашар сезініп, артынша есін жоғалтып алған. Ұшақ Омск қаласына қонып, дәрігерлер оны №1 қалалық ауруханаға жеткізді. Саясаткердің қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.