Шарын шатқалына жылына 200 мың адам әкелетін жоба таныстырылды
Ұлттық парктің даму жоспары таныстырылды
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Алматы облысындағы Шарын ұлттық табиғи паркінің даму тұжырымдамасын таныстырды. Шарын шатқалында экотуризмді жандандыру үшін заманауи визит-орталықтар, гэмпингтер, кэмпингтер, этно-ауылдар мен караванингтер салынбақ. Бірақ нысандар табиғатқа зиян келтірмес үшін, тез құрастырылып-жиналатын әдістермен тұрғызылады.
«Жеке инвесторларды тартып, 2 визит-орталық салынады, 4 жаяу жүргінші маршруты және түнейтін орындар, 3 көру алаңы болады. Кәдесыйлар сататын жер мен қоғамдық тамақтану орындары орналасады. Шатқалға рекреациялық ауырлық түсірмес үшін барлық нысандарды шатқалдың сырт жағына салуды жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр бүгін қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысқан ашық Zoom-конференцияда.
Визит-орталықтың ішінде ресепшн, кинозал, конференц-зал, келушілерге арналған ақпараттық бағана, кәдесыйға, кітапқа арналған киоскілер, мұражайлық экспозиция орналастырылмақ.
«Алматы-Нарынқол, Алматы-Шонжа жолымен келгендер ұлттық паркке бақылау-өткізу пункті арқылы жіберіледі. Шатқалға түскенге дейінгі жерде 50 адамға арналған эко-қонақүй, 50 адамға арналған ашық аспан астындағы мейрамхана, ұлттық тағамдар дайындайтын кафе, этно-ауыл, 100 көлік сыятын автотұрақ, балалар алаңы салынады», - деп айтты Нысанбаев.
Көру алаңының жанында демалатын орындықтар қойылып, шатқал арқылы аспалы көпір өтеді. Сол жерден табиғатты тамашалауға болады.
«Егер осы жоспар жүзеге асса, 2025 жылға қарай 180 жаңа жұмыс орнын құруға болады. Туристер ағынын жылына 20 мың адамнан 190 мыңға адамға көбейтіп, бюджетке 10 есе артық ақша түсіре аламыз», - деп сендірді Экология министрінің орынбасары.
Айта кетейік, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық паркке 20 640 адам келіп, олар 16,7 млн теңге пайда түсірген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан