Алексей Навальныйдың ағзасынан «Новичок» уының ізі табылды
Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр
Германияда емделіп жатқан ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың ағзасынан у іздері табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол «Новичок» тобына жататын у дейді CNN. Белгілі болғандай, саясаткердің ағзасында қандай да бір удың бар-жоғын анықтау жұмыстары Германияның қарулы күштеріне тиесілі зертханада жүргізілген. Кейін оның нәтижесімен канцлер Ангела Меркель танысып, министрлер кабинетінің мүшелерімен бірге талқыға салған. Бұдан бөлек, Берлин енді Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйыммен байланысқа шықпақ.
Айта кетейік, 20 тамызда Навальный уланған болуы мүмкін деген күдікпен Омбы ауруханасына түсті. Бірнеше күннен соң ол Берлиндегі емханаға жеткізілді. Тексеруден кейін неміс дәрігерлері оппозиционердің уланғанын мәлімдеді. Қазір Навальный жансақтау бөлімінде. Дегенмен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.