Навальныйдың улануы. Берлин Мәскеуге ультиматум қойды
Оқиға «Солтүстік ағын 2» газ құбырының құрылысына кесірін тигізуі мүмкін
Еуропалық одаққа төрағалық етіп отырған Германия «егер Ресей жақын күндері Алексей Навальныйдың улануы дәлелденгеніне қатысты тергеу бастамаса, санкциялар қолдана бастаймыз» деп сес көрсетті. Ресейлік оппозиционер әлі күнге дейін Берлиндегі «Charite» клиникасында емделіп жатыр, деп хабарлайды Еuronews.
Германияның Сыртқы істер министрі Хейко Маас неміс БАҚ-тарына берген сұхбатында саясаткерді «Новичок» сияқты жүйке қоздырғышпен улауға ресми Мәскеудің қатысы барын, ал егер олай болмаған жағдайда, оны басқаша дәлелдеуге шақырды. Маас, әйтпесе, бұл Берлиннің Ресей газын Германия мен Еуропаға жеткізетін «Солтүстік ағын 2» газ құбырын тартуға кері әсер ететінін айтты.
Құрама Штаттар бірнеше жылдан бері аталған жобаны тоқтату үшін қарқынды «науқан» жүргізіп жатыр. Дональд Трамп әкімшілігі қазіргі уақытта Еуропаның наразылығына қарамастан, құрылысқа қатысушы компанияларға санкциялар салды.
Украинаның Германиядағы елшісі Андрий Мельник «Солтүстік ағын 2» жобасын тоқтату жеткіліксіз деп санайды. Жексенбіде Германияның DPA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ол Путин режимін негізгі табыс көзінен айыру үшін Ресейдің газы мен мұнайының Еуропаға импортына үш айлық толық эмбарго жасауға шақырды.
Кремль Навальный оқиғасына қатысы барын жоққа шығаруда. Алғашқы екі күнде оппозиционерді емдеген Омбы дәрігерлері оның денесінен у таппады. Ресейлік дәрігерлер не болғанын анықтау үшін неміс әріптестеріне бірлескен топ құруды ұсынады.
«Келіңіздер, Ресейден келген өкілдер мен мамандар, Германиядан келген токсикологтар жиналып, уланудың бар-жоғын анықтап, талқылайық. Егер Навальный шынымен де уланған болып шықса, біз Ресейде қылмыстық іс қозғау керек деп санаймыз», - деді Ресей Федерациясы Ұлттық медициналық палатасының президенті Леонид Рошаль.
Мәскеу Навальныйды улау фактісі дәлелденбеген деп санайды және онсыз тергеуге негіз жоқ деп отыр. Осы аптада Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы Германияның Әділет министрлігіне оппозиционер ауруханаға түскен беттегі тергеуге дейінгі тексеру нәтижелерін жіберіп, оның Германияда емделуі және сараптама нәтижелері туралы мәлімет сұратты.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров өткен аптада әлі жауап келмегенін айтты. Ал Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков егер улану туралы ақпарат расталса, «тергеу амалдары заң жүзінде басталады» деп мәлімдеді.