$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.09.2020, 13:01
Саясат

Халық шегінеді, Лукашенко орнында қалады – саясаттаншуы

Саясаттанушылар Беларусьтегі ереуілдер тағдырының қалай шешілетінін айтты

Халық шегінеді, Лукашенко орнында қалады – саясаттаншуы
Коллаж: Жанар Жұмабекова

Беларусь оппозициясы осы сенбі-жексенбіде халықты тағы да көшеге алып шықты. Минск орталығындағы наразылыққа он мыңдаған адам қатысты. Өзін легитимді саяси жолмен сайландым деп санайтын Александр Лукашенко ереуілшілерге күш қолданды. Оқ атылмаса да, ел астанасында көшеге шыққан топты аяусыз ұрып, көбін қамауға алды, деп жазды BBC агенттігі.  

Билік демалыс күндерінің қарсаңында орталық көшелерді жауып, метроның жұмысын тоқтатқан. Ал демонстрация өтетін аудандарда мобилдік интернет істен шықты. «А1» ұялы байланыс операторы алдыңға аптадағы ереуілден соң, өкілетті органдардың нұқсауымен, интернет желісіне шектеу қойылғанын мәлімдеген.

БІРЛІК МАРШЫНЫҢ АРАСЫНА АРАНДАТУШЫЛАР ЕНДІ

«Бірлік маршы» деген атаумен ұрандатқандарды әскерден тыс азаматтық киіммен жүрген, бірақ қолдарында резеңке шоқпары бар адамдар соққыға жығып, автозактарға сүйрей бастаған. Олардың кейбіреуі бетперде киіп алып, бейбіт шеруге шыққандардың кейпіне еніп, көше бойындағы кофеханалар мен дүкендердің терезелерін қирата бастапты.  Тәуелсіз БАҚ бұл әрекеттерді «оппозицияны қаралау және наразы топқа қарсы арандату» деп бағалады. Ресми органдардың ақпаратына қарағанда 200 адам қамауға алынған.

Лукашенко жұмыс істейтін Тәуелсіздік сарайы мен Үкімет үйін бұл күндері  әскер қоршап тұр. Ал негізгі стратегиялық нысандарға тікенек темірмен қоршау жасалған, деп жазылды жергілікті БАҚ беттерінде. Минск көшелерінде арнайы жасақ пен әскери техника әдеттегіден көп, ал TUT.by ақпараттық сайтының жазуына қарағанда, 6 қыркүйектегі наразылық шарасына 100 мың адам жиналған. Ел астанасындағы ереуілшілерге қолдау білдіру үшін Брест, Гомел, Могилев, Молодечно, Баранович қалаларында да халық көшеге шығып, Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп жатыр.  

Айта кету керек, Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өтті. Оның қорытындысы бойынша Александр Лукашенко 80 пайыз дауыс жинаса, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10% дауысқа ие болды. Осы сәттен бастап, елде қарсылық шаралары үдей түсті. Төрт апта қатарынан сенбі-жексенбі күні жаппай ереуілге шығу дәстүрге айналды.

БИЛІК ХАЛЫҚПЕН ТЕКЕТІРЕСКЕ КӨШТІ 

Azattyq Rýhy 26 жыл билік тізгінін ұстап, осы жолы да оны уысынан шығарғысы келмеген Александр Лукашенконың ары қарайғы тағдыры мен елдегі саяси ахуалдың болашағы туралы саясаттанушылардан сұраған болатын. Беларусь БАҚ-тарының бірінде  саяси шолушы болып жұмыс істейтін Виталий Цыганковтың айтуынша, 2001, 2006 және 2010 жылдардағы сайлауларда да қарсылықтар болған. Мен саяси шолушы ретінде осы шаралардың бәрін көзбен көрдім. Өткен сайлау кезіндегі наразылықтар саяси күштермен, оппозициямен қарсыластық болса, қазір жағдай басқа.

«Қазір  билік пен халық арасындағы бір-біріне деген қарсылық, жеккөрініш басым. Біз осы құбылысты байқап отырмыз. Мұндай жағдайда биліктің ұзаққа бармасын тарих көрсеткен. Алғаш рет ел тарихында А. Лукашенкоға зауыт жұмысшылары қарсы шықты. Әр ұжымда осындай көңіл күй бар. Олар президенттің көзінше «Кет, кет!» деп ұрандатты. Шығармашылық интеллигенция, айтишниктер де, тіпті түрмедегілер де өз қарсылығын ашық білдіріп отыр. Диктаторлық режимге халық «кет» және «трибунал» деген екі сөзді пайдаланғанда, ол билік ұзаққа бармайды»,- дейді В. Цыганков.

Бір нәрсені ескеру керек, Беларусьте кейбір елдер сияқты ұлттың екіге бөліну ұғымы жоқ. Мысалы, Украина шығыс және батыс болып екі жарылып кетті. Бір бөлігі Ресейді қолдап, елді екіге айырды. Ал мұнда ұлт бірігіп ұйысқан ел. Соған қармастан, Лукашенко соңғы жылдары, әсіресе сайлаудың қарсаңында «біздің тәуелсіздігімізді тартып алады, елді екіге бөліп алады, Ресей бізге жау» деуден танбады. Тіпті, мұны үлкен пропаганда құралына айналдырды. Билікке жақын БАҚ сырттан жау іздеумен болды. Вагнерлерлер тобы (Ресейлік әскери жасақ - авт.) ұсталғанда, бұл күдігінің расталғанын айтып, осы арқылы халықтың ықыласына бөленіп, сенімінен шыққысы келгенін маман атап өтті.

ЭКОНОМИКА ТУРАЛЫ НАҚТЫ БОЛЖАМ ЖАСАУ ҚИЫН

РФ мен Қытай алғаш болып осы сайлаудың қорытындысын мойындады. Саяси шолушы Лукашенко өз билігін сақтап қалу үшін Еуропа мен АҚШ сияқты, оған Литва, Польша елдерін шатыстырып, провакация іздей бастады деп есептейді. Мемлекетке осы жақтан қауіп бар деген пропаганданы бастап кетті. Батыс мемлекеттері Гроднен облысын (Елдің Литва мен Польша мемлекеттерімен шекараласатын аймағы - авт.) басып алғалы жатыр деп, дақпырт таратуға дейін барды. Бірақ Александр Лукашенко 2015 жылдан бері жасалған Еуропалық одақпен әріптестікті, сыртқы саясаттағы диверсификацияны, яғни әртараптануды, экономикалық байланыстардың бәрін үш-ақ күнде жоққа шығарды. Сондықтан, сарапшы елдің болашағы, экономикасы туралы болжам жасаудың өзі қазір қорқынышты деп санайды.

 «Лукашенко сайлауда электорат қолдамай қойған соң, бірден Ресейге бет бұрып, сол жақтан қолдау күтті. Өзін қорлайтындай жағдайға түсіп, бұрынғы айтқанының бәрін жоққа шығарды. Путиннен көмек сұрап, батыс Беларусь мемлекетінің ғана емес одақтық мемлекет – Ресей Федерациясына да қауіп төндіріп отыр деп «сайрады». Бұл – саясаттағы екіжүзділік. Сөйтіп, Ресей беларусь халқының жалғыз досы болып шыға келді», - дейді саяси шолушы.

КІМНІҢ РЕСУРСЫ БІРІНШІ САРҚЫЛАДЫ, СОЛ ШЕГІНЕДІ

Ал саясаттанушы Дос Көшім «ереуілдердің болашағы кімнің күші таусылады, соған байланысты» деп есептейді. Бұл жерде ресурс кімде аз, сол  сарқылады да, артқа шегінеді. Қазір екі жақ та бір үстел басына отыратындай жағдайда емес.

«Кімнің төзімі мен күші жетеді дегенге келсек, меніңше Лукашенконың мүмкіндігі жоғары. Себебі, Беларусьте оппозиция жоқ. Оны қазіргі президент құртып болған. Мен социал-демократиялық күштер құрамында бұл елде талай рет болғанмын, араласатын достарым да бар. Сұхбаттасып отырамын. Нағыз билікке қарсыларды ол түрмеге жауып, қалғанын шетелге асырып жіберді. Қазіргі жүргендер – оппозициялық тәжірибесі жоқтар.

Екінші мәселе – қазіргі көшеге шығып жатқандардың нақты бағыты айқын емес. Иә, сайлау әділетсіз өтті, қайта өтсін дейді. Тихоновская президент болсын дегеннен басқа, талаптар мен реформа жүргіземіз деген бағдарламаларын көрмей отырмыз. Мысалы, Украина Еуропаға кіреміз, РФ-дан қол үземіз деп ашып айтты. Ал Беларусьте ол жоқ. Тіпті, көшеге шыққандардың өз ішінде бөліну бар. Олардың жартысы Ресейге жалтақтап, біз туыспыз деп отыр. Менің өз болжамым бойынша осының өзі қарсылықты біртіндеп әлсіретеді»,- дейді саясаттануы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары