«Әділет» партиясы Астанада сайлауалды үгіт-насихат науқанын қорытындылады
Бүгін Астанада қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша «Әділет» партиясының сайлауалды штабының қорытынды отырысы өтті. Жиында үгіт-насихат науқанының нәтижелері қорытындыланып, 29 қарашадағы дауыс беру күніне дайындық, сайлауалды бағдарламаны іске асыру және тұрғындардың талап-тілектерін қарау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Отырысты «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы, сайлауалды штаб басшысының орынбасары Санира Жүсіпова жүргізді. Ол қалалық және аудандық штабтардың атқарған жұмысы туралы баяндады. Үгіт-насихат кезеңінде елордада 723 іс-шара өтті. Оның ішінде еңбек ұжымдарымен 172 кездесу ұйымдастырылды. Көшпелі штабтар 115, мобильді үгіт топтары 93 іс-шара өткізді. Кандидаттар аулалар мен тұрғын үй кешендерінде тұрғындармен жүздесіп, жеке қабылдаулар өткізді және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Осы кезеңде 8 000-нан астам азамат партия қатарына қабылдануға өтінім берді.
Сайлауалды штабтың басшысы Мағжан Қыстаубаев елорданың барлық ауданын қамтыған кездесулер тұрғындардың қалалық мәслихат жұмысына қызығушылығын арттырғанын атап өтті.
Астанада өткен шаралар қала тұрғындарының мәслихатқа деген қызығушылығын арттырды. Мәслихат нақты шешім қабылдап, қаланың дамуына тікелей ықпал етеді. Мұндай нәтижеге бірлескен жұмыстың арқасында қол жеткіздік. Сайлауалды науқанда бәріміз бір қайықта болдық, жолаушы болған жоқ, барлығы бірге ескек есті, — деді Мағжан Қыстаубаев.
2–27 қараша аралығында партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне Астана тұрғындарынан 221 талап-тілек түсті. Қала тұрғындары аулалар мен балалар ойын алаңдарын абаттандыру, жол қозғалысының қауіпсіздігі, тұрғын үйлердің жай-күйі, автотұрақ және коммуналдық қызмет мәселелерін көтерді. Отырыста келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу, әр мәселе бойынша шешу жолдарын қарастыру және атқарылған жұмыс туралы тұрғындарға ақпарат беру тәртібі талқыланды.
Жиында «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Астана қаласының 2026–2031 жылдарға арналған жол картасы да қаралды. Құжатта тоғыз бағыт бойынша 118 іс-шара көзделген. Олардың қатарында мектептер мен медициналық мекемелер салу, жолдар мен көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бар.
Әрқайсыңыз үлес қосып, қаланы аралап, тұрғындармен жүздестіңіздер. Сайлаушыларды партия бағдарламасымен, әсіресе қаланы дамыту жоспарларымен толық таныстырдыңыздар. Ең бастысы — енді берілген уәделерді орындау. Алдағы апталарда осы жоспарларды жүзеге асыруға кірісуіміз керек, - деді сайлауалды штаб басшысының орынбасары Табиғат Зейнеқұлабден.
29 қарашада елордадағы 411 сайлау учаскесінің әрқайсысында партия атынан бір сенімді өкіл мен бір байқаушы жұмыс істейді. Олардың барлығы алдын ала оқытудан өтті.
Қорытынды отырыспен сайлауалды штаб өз жұмысын аяқтады. Штаб басшылығы науқанға атсалысқан кандидаттарға, қалалық және аудандық штаб мүшелері мен еріктілерге, сондай-ақ кездесулерге қатысып, ұсыныс білдірген Астана тұрғындарына алғыс айтты.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі. Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.
