Ел тарихында бұрын-соңды болмаған – Президент «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық жобасының мән-маңызын атады

Президент «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етеміз  

Ел тарихында бұрын-соңды болмаған – Президент «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық жобасының мән-маңызын атады
Фото: Ақорда

Бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумына қатысып, сөз сөйлеген президент  Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да бір рет «Халықтық құрылыс» жобасының мән-мағынасына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент атап өткендей, осы жобаның арқасында еліміздің барлық аймағында емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт ғимараттары, яғни, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған аса маңызды әлеуметтік нысандар бой көтереді.

«Сапалы жолдар төселеді, атом, су, электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары салынады. Осылайша, мемлекетіміздің тұрпаты мен келбеті, экономикамыздың құрылымы айтарлықтай өзгеретініне күмән жоқ. Бір мезетте бүкіл саланы және барлық аймақты қамтитын дәл осындай өте ауқымды құрылыстың ел тарихында бұрын-соңды болмағанын сіздер жақсы білесіздер. «Халықтық құрылыс» халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ», - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады.

«Түптеп келгенде, «Халықтық құрылыстың» игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері көреді. Сондықтан біз «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз. Мен бұған кәміл сенемі. «Халықтық құрылыс» деген атауында тұрғандай, бұл жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады. Бұл – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет», - деді президент.

Жалпы, президент атап өткендей, осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады.