Құрылтай Төрағасы: ғылымның тиімділігі нақты нәтижелермен өлшенуге тиіс

Бүгін Құрылтайда Жоғары аудиторлық палата ғылымға бөлінген қаржының аудитін ұсынды

Құрылтай Төрағасы: ғылымның тиімділігі нақты нәтижелермен өлшенуге тиіс
Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Бүгін Құрылтай отырысында ғылымның қолданбалы сала ретіндегі дамуы жан-жақты талқыланды. Депутаттар Жоғары аудиторлық палата Төрағасының Ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін тыңдады. Оның қорытындысы бойынша Үкіметке Жоғары аудиторлық палата мен депутаттық корпустың бірқатар нақты ұсынымдары айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Талқылауды қорытындылай келе, Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бүгінгі таңда ғылым қосалқы сала ретінде емес, елдің болашағына, экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырылатынын айтты. Спикер атап өткендей, бұл Президенттің жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында да көрініс тапты, сондай-ақ нақты цифрлар да осыны айғақтап отыр.  

«Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі еседен астам артты. Ғылыми зерттеулер және әзірлемелермен шұғылданатын мамандар саны үштен бірге көбейді. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құрайды. Дегенмен, ғылымның практикалық қайтарымы, нәтижелілігі мен коммерциялануы мемлекет үшін өзекті күйінде қалып отыр»,– деді Құрылтай Спикері.

Ол сондай-ақ талқылау кезінде депутаттар белгілеген бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, ғылыми саланы басқару ғылыми жобаларды сүйемелдеуге қатысты барлық процесті – ұсынымдарды дайындаудан бастап түпкілікті нәтижелерді енгізуге дейін цифрландыруды талап ететінін жеткізді. Сонымен қатар, ғылыми-техникалық тапсырмаларды тұжырымдау экономика мен бизнестің нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін ескеруге тиістігін айтты. Депутаттардың пікірінше, осыған байланысты, бірлескен қызметтің нақты нәтижесіне бағытталған ынталандырушы тетіктерді жетілдіру қажет.

Құрылтай Спикері атап өткендей, ғылыми қызметтің нәтижелілігіне жүргізілген мониторинг оның адамдардың өмір сүру сапасына тигізетін әсерін бағалауға тиіс. Ғылыми әзірлеменің нақты өмірлік циклін және оның экономикаға тигізетін нақты ықпалын қадағалап отыру маңызға ие. Бұл қатарда, технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнімдерді экспорттау қамтылады. Ал мониторингтің басты критерийі ғылыми әзірлемелердің азаматтарымыздың өмірін нақты қалай жақсартатыны болуға тиіс.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттардың барлық ұсынымдары Үкіметке жолданады. 

Айта кетейік, бүгін хабарлағынымыздай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурызда айтқаны дәл келіп, ЖАП 149 ғылыми тапсырмаға бөлінген 67 млрд теңгенің далаға ұшқанын мәлімдеген еді.