Тоқаев: Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді
Мемлекет басшысы бұл туралы бүгінгі Жолдауында айтты
Бүгін Қазақстан халқына Жолдауын арнаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы екенін еске салып, соның аясында Қазақстан озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін берді деген ойын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс. Бұл – жаңа дәуірдің талаптарына толық сай келетін аса маңызды жалпыұлттық міндет. Болашақтың экономикасын құру үшін таптаурын түсініктер мен ескірген тәсілдерден біржола арылуымыз қажет», - деді Тоқаев.
Яғни, президент тапсырғандай, Қазақстан қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек.
«Шын мәнінде, мұны озық технологиялар заманында өскелең ұрпақтың лайықты өмір сүруіне жол ашатын ұзақ мерзімге арналған жалпыұлттық миссия деуге болады. Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді. Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау», - деді Тоқаев.