«Міне, осындай оңай-оспақ «бизнес»: Тоқаев өзін әлдекімдер өтірікке «сендірмек» болып жүргенін ашық айтты
Соның салдарынан Қазақстанның энергетикалық саласы ақсап қалды деп санайды президент
Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әлем бойынша электр қуатына деген бәсеке күшейгенін, Қазақстан осы бәсекеден қалып қалмау үшін өзінің ЖЭО-ларын сапалы салу керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір электр қуаты – әрбір мемлекеттік бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігіндегі маңызды факторға айналды. Яғни, қазір «электр қуатының» дәуірі басталды. Қазақстан үшін оның шикізаттық әлеуетін тұрақты энергетикалық және технологиялық прогресске айналдыру өте маңызды. Ашығын айтсақ, бұл саладағы мәселе бастан асады. Елімізде кәсіби энергетиктердің саны саусақпен санарлық, бірақ, энергетикалық мәселеге қатысты форумдар мен пікірталастар өте көп өтеді әрі масштабы да кең», - деді Тоқаев саладағы мәселені сынай келе.
Солай бола тұра, яғни, ауқымды форумдар өткізсек те Қазақстанның энергетикасы жыл сайын қуат тапшылығына тап болады да қыста, яғни, жылу өте керек кезде Қазақстан сол электр энергиясын көрші елдерден қымбатқа сатып алады. Ал жазда тауарды арзанға сол нарыққа қайта сатады.
«Міне, осындай оңай-оспақ «бизнес». Бұл тіпті онжылдықтарға жалғасқан бизнес. Ең қызығы, бұны энергетика саласындағы қалыпты жағдай деп мені сендірмекші. Сондықтан шығар, кезінде біз Балқаштағы ЖЭО-тың құрылысын аяқтай алмай қалды. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы, Екібастұз қалаларындағы жобалардың тағдыры да қыл үстінде тұр», - деді Тоқаев.