Біздің басты міндетіміз – халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, талап-тілегін тыңдай білу – Қошанов

Қоғамдық сараптаманың әлеуетіне – еліміздің түкпір-түкпіріндегі 228 кеңес пен 3,5 мыңға жуық қатысушының тәжірибесіне сүйене отырып

Біздің басты міндетіміз – халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, талап-тілегін тыңдай білу – Қошанов
Фото: Қазақстан Халық Кеңесі

Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов еліміздің қоғамдық кеңестерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Күн тәртібінде Мемлекет басшысының институттардың өкілеттіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру және өзара іс-әрекеттің негізгі бағыттары бойынша бірлескен қадамдар әзірлеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Кеңестің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Халық Кеңесінің мүшелері өңірлік Қоғамдық кеңестермен тығыз байланыстың маңыздылығын атап өтті. Конституциялық заңға сәйкес Халық Кеңесінің қызметі жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестер арқылы қамтамасыз етіледі. Мұндай серіктестік бірден бірнеше салада белсенді жұмыс істеуге бағытталған.

«Мемлекет басшысы өңірлермен қоғамдық кеңестер арқылы берік байланыс орнату міндетін қойды. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әр адамның пікірі ескеріліп, әр азамат елдік мәселелерді талқылауға өз үлесін қоса алады. Біздің басты міндетіміз – халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, талап-тілегін тыңдай білу. Алдағы уақытта осындай басқосуларды тұрақты түрде өткіземіз. Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін өздеріңізбен бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз», – деді Ерлан Қошанов.

Қоғамдық сараптаманың әлеуетіне – еліміздің түкпір-түкпіріндегі 228 кеңес пен 3,5 мыңға жуық қатысушының тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан Халық Кеңесінің міндеті – өңірлерден келіп түсетін сан алуан ұсыныстар мен мәселелерді жалпыұлттық күн тәртібіне біріктіріп, нақты шешімдер әзірлеу. Осы мақсатта бейінді комитетке Хатшылықпен бірлесіп, деректерді тұрақты түрде жинау тетігін жолға қою тапсырылды. Жүйелі проблемалардың бірыңғай картасын жасау өңірлік сын-қатерлерді нақты көруге және қандай мәселелер бойынша жұмыс тәжірибесін өзгерту, Үкімет шешімдерін қабылдау немесе заңдарға түзетулер енгізу қажет екенін жедел айқындауға мүмкіндік береді.

2015 жылы қабылданған қолданыстағы «Қоғамдық кеңестер» туралы заңға кешенді түгендеу жүргізу қажеттігін айта отырып, Халық Кеңесінің Төрағасы оның нормаларын Халық Кеңесі туралы Конституциялық заңмен байланыстыру үшін бейінді комитет жанынан арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Сонымен қатар, шешімдер қабылданғанға дейін міндетті қоғамдық сараптама жүргізу мен ықтимал тәуекелдерді бағалауды көздейтін «нөлдік оқылым» тетігіне ерекше назар аударылды. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік актілерді әзірлеу кезінде бұл тәсілді қолдану маңызды екені атап өтілді. Қоғамдық кеңестердің алдындағы нақты жауапкершілікті арттыру мақсатымен мемлекеттік органдардың басшыларына олардың ұсынымдарының орындалуы бойынша кеңестер алдында жеке есеп беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылды. Сондай-ақ өңірлердегі үздік тәжірибелерді кеңінен тарату және ортақ мәселелерді бірлесіп шешу үшін қоғамдық кеңестер арасындағы көлденең ынтымақтастықты дамыту маңызды міндеттер ретінде айқындалды. Бұдан бөлек, өңірлердегі нақты ахуалды көрсететін әрі жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға сенімді негіз болатын жыл сайынғы талдамалық «Қоғам баяндамасын» әзірлеу ұсынылды.

Отырыс барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов та бастамаларды дербес сүйемелдеу идеясын ортаға салды. Оның айтуынша, қоғамдық бастамалармен жұмыс «іріктеу жүйесі» қағидаты бойынша ұйымдастырылады: әр кезеңде олардың сапасы артып, Халық Кеңесінің стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін құқықтық тұрғыдан пысықталады. Осы мақсатта әрбір бастамаға Халық Кеңесінің бір мүшесін бекіту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру жөніндегі өз пайымымен бөлісті. Олардың бірі – қоғамдық кеңестерді қалыптастырудың бірыңғай әрі ашық стандарттарын заңнамалық деңгейде бекіту. Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіповтің бастамалары кеңес мүшелерінің Халық Кеңесімен өзара іс-қимыл жасау тәртібіне қатысты болды.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова және басқа да тұлғалар қатысты.